
Атырау қаласында жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси қызметі 76 мыңнан астам тасымалдау жұмысын атқарды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта арнайы жабдықталған 99 инватакси үш әлеуметтік ұйым арқылы қызмет көрсетіп отыр. Олар арбада қозғалатын, көру қабілеті нашар, тірек-қимыл жүйесі бұзылған және неврологиялық ауруларға шалдыққан азаматтарды тасымалдайды. Қызмет тек Атырау қаласы аумағында қолжетімді.
– Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Биылдың өзінде 1200-ге жуық тұрғын инватакси көмегіне жүгінді. Бұл қызметке сұраныс жылдан-жылға артып келеді, – деді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рафхат Жолдиев.
Инватакси қызметін пайдалану үшін жоспарланған сапарға бір күн бұрын сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін WhatsApp немесе телефон арқылы өтінім беруге болады.
Айта кетейік, бұл қызмет түрі 2022 жылдың 22 қыркүйегіндегі №521 бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келеді.
В Атырау -3