Атырау, 7 желтоқсан 17:54
 ашықВ Атырау -3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Сарайшықта археологиялық қазба жұмыстары басталды

380 рет қаралды

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен ортағасырлық Сарайшық қаласында археологиялық қазба жұмыстары қайта жанданды. Бір айға жоспарланған бұл ғылыми жоба ежелгі қаланың құпия сырларын ашуға бағытталған.

Экспедиция жетекшісі, археолог Мир Әбдіғалиевтің айтуынша, қазба жұмыстары XIII–XV ғасырлар аралығына жататын көне Сарайшықтың орнында жүргізілуде. Жоба Атырау облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен 2021 жылдан бері жүзеге асып келеді.

- Биылғы маусымда музей қызметкерлерімен қатар, жергілікті Сарайшық ауылының тұрғындары да қазба жұмыстарына қатысуда. Бұл маусымда жұмыстар 10 шілдеге дейін бір ай жүргізіледі, алайда келесі жылы оны ұзақ мерзімді форматта жалғастыру жоспарда бар, - деді Мир Әбдіғалиев.

Айта кетейік, былтыр өңірдегі үш тарихи нысан - Сарайшық, Таскешу керуен-сарайы және Қорғанша қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған бірегей жәдігерлерге арнайы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылған еді.

Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері былтыр қазбалар кезінде көне кесененің дромосын (жабық дәлізін) тапқан. Күмбезі қирап қалғанымен, дәлізі жақсы сақталған. Мұндай құрылыстар бұрын Сарайшықтан табылғанымен, олар қатты бүлінген күйде болатын.

Қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр және археологтар Сарайшық тағы да жаңа олжамен таң қалдырады деп үміттенеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

17 маусым, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.