
21 мамырда Атыраудағы «Adal» автомектебінің ғимараты алдында 15 шақты адам жиналып, курсты аяқтағаны туралы куәліктерін беруді талап етті. Жиналғандардың айтуынша, мұндай курсанттардың саны бірнеше ондаған, бірақ әкімшілікпен кездесуге бәрі бірдей келе алмаған.

Келісімшартқа сәйкес, оқу 2,5 ай болып, содан кейін түлектерге курсты аяқтағаны туралы құжат берілуі тиіс екен. Оқу ақысы 35 мың теңге болған. Бәрінің қолында төлем түбіртектері мен оқу мерзімі көрсетілген келісімшарт көшірмелері бар. Алайда, олардың айтуынша, келісімшартта нақты төлем сомасы көрсетілмеген.
Мәселе түлектер өз деректерін ІІМ-нің ресми жүйесі – avtomektep.kz сайтында тексермек болған кезде анықталған. Биылдан бастап бұл жүйеде оқу кабинеттері, көліктер, нұсқаушылар және курсанттар туралы орталықтандырылған есеп жүргізілуде. Жүйеге тіркелмеген тыңдаушылар куәлік ала алмайды және тиісінше емтиханға жіберілмейді.
Курсанттардың басым бөлігі «Adal» автомектебінде тіркелмегені анықталды. Ал базаға енгізілгендердің өзі кешіктіріліп – тек мамыр айында, шағымдардан кейін ғана тіркелген.
— Мен оқуымды 24 қаңтарда бастап, 9 сәуірде аяқтадым. Сол кезде маған құжат беруге уәде етілді. Бірақ жүйеде ақау болғанын айтты. Кейін 20 мамырға дейін күтуімді сұрады. Енді қыркүйекке дейін күт деп отыр. Бізді базаға жақында ғана тіркегендіктен, қазір «оқып жатқан» курсанттар ретінде көрсетілгенбіз. Енді тағы 2,5 ай күтуге тура келеді, — деп түсіндіреді Тахир ӨМІРБАЕВ.
Жанна ШАФИГУЛИНА 13 ақпан мен 29 сәуір аралығында оқыған.
— Бізді ІІМ базасына алғашқы күні енгізу керек еді. Осы рәсімсіз оқу жарамсыз болып саналады. Бірақ бізді ақпанда да, наурызда да, сәуірде де тіркемеді. Тек мамырда ғана енгізді. Мен ІІМ-не және eGov-қа қоңырау шалдым — маған базаның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын айтты. Автомектеп «техникалық ақаулар» туралы бірде бір ресми құжат ұсынған жоқ, тек WhatsApp-тағы скриншот қана бар. Ал басқа автомектептерде бәрі дұрыс жұмыс істеп тұр, — дейді ол.
Кейбір курсанттар шағымдарын e-Otinish платформасы арқылы жолдаған. Олар ІІМ-нен тексеріс жүргізіп, автомектепті құжаттарды беруге немесе ақшаны қайтаруға міндеттеуді сұрайды. Егер бас тартса, қайта оқуға кеткен шығындарды өтеуді талап етіп отыр.
«Қызмет көрсетілді» – бірақ кімге және қалай?
Курсант Мәдина ЕСЕТОВАНЫҢ айтуынша, олардың тобында шамамен 30 адам болған. Алайда жаңа ережелерге сәйкес, бір оқу көлігіне 12 адамнан артық бекітілмеуі тиіс. «Adal» автомектебінде бар-жоғы екі көлік болғандықтан, бір уақытта ең көп дегенде 24 адам оқуы мүмкін еді. Ал іс жүзінде 90 адамға дейін білім алған.
Бірнеше рет полиция шақырғаннан кейін, жиналғандарға автомектеп өкілі Лаура ТАПАНОВА шықты. Ол қаңтар айынан бастап ІІМ-нің жаңа талаптарынан бейхабар болғандарын, тіркеуді тек мамыр айында бастағандарын түсіндіріп, куәліктерді тамыз-қыркүйек айларында беруге уәде етті.
— Теория мен көлік жүргізу сабақтары өткізілді. Қызмет көрсетілді. Күтуге келіспейтіндерге ақшаны қайтарамыз, бірақ бұл жағдайда оларды базадан өшіреміз, — деді ол. Осыдан кейін сыныптан шығып кетіп, әңгімені жалғастыруға келмеді. Оның артынан: «Неге қашып барасыз?» деп сұрап жатты.
Бұған дейін «15 мың теңгеге куәлік алу» оқиғасы болған еді
Бір жыл бұрын Атырау тұрғыны дәл осы автомектепке полиция шақырған. Ол «Adal» куәлікті небәрі екі күнде беріп, 15 мың теңгеге сатқанын мәлімдеген. Әйел өз сөзін дәлелдеу үшін автомектеп өкілдері мен полиция қызметкерімен болған әңгімені жазып алған.
— Ұлым маған: «Оқудың қажеті жоқ, жай ғана куәлікті сатып алуға болады» деді. Мен қатты таңғалдым. Оған ұрсып алдым. «Жарайды, сен алдың делік, ал жолда басқалар үшін кім жауап береді?» дедім, — деп әңгімелеп берген ол.
Полиция департаментінің түсіндіруінше, жалғандық фактісін дәлелдеу мүмкін болмай, прокуратура істі жапқан.
Алаяқтық емес, бірақ сауалдар бар
Курсанттар полицияға ұжымдық өтініш берген. Алайда учаскелік инспектор Арман ДЮСАЛИЕВТІҢ айтуынша, автомектептің әрекеттері алаяқтық бабына сәйкес келмейді, себебі мекеме жабылмаған және қаражат ұрланбаған. Ол азаматтық талаппен сотқа жүгінуге және мемлекеттік кірістер департаментіне шағымдануға кеңес берген.
Құжаттар бойынша келісімшарттар жеке кәсіпкер Насреденовамен жасалған, ал ашық деректерге сәйкес, оның басшысы – Лаура Тапанова. Әділет органдарында курсанттар автомектептің ЖШС ретінде емес, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін анықтаған.
Әрі қарай не болады?
2025 жылғы 15 қаңтардан бастап автомектепті аяқтағаны туралы куәліктер тек электронды форматта беріліп, ІІМ жүйесінде тіркелу міндеттелді. Бұл жаңашылдық жалған куәліктерді жою және жеткілікті дайындықсыз жүргізушілер санын азайту мақсатында енгізілген.
Мамандандырылған ХҚКО мамандары басқа автомектептерде техникалық ақаулардың жоқ екенін растады. Шын мәнінде оқуды аяқтағандар алдымен арнайы сыныпта, содан кейін датчиктермен жабдықталған автодромда емтихан тапсыруда.
Мамандандырылған ХҚКО мәліметтеріне сәйкес, Атырауда 29 автомектеп тіркелген, бірақ шын мәнінде тек 10 шақтысы нақты жұмыс істейді. Қалған автомектептердің жағдайы тек Ішкі істер министрлігіне ғана емес, салық органдарына да қатысты сұрақ болмақ.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор
В Атырау 0 



