
Атырау қаласында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық шаралар қолға алынуда. Төтенше жағдайлар басқармасы мен қалалық білім бөлімі су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың, терезеден құлау және өрт кезіндегі оқыс жағдайлардың алдын алу үшін белсенді жұмыс жүргізуде.
Атырау қаласы ТЖБ бастығының орынбасары Сәбит Борашев жаз мезгілінде балаларды қараусыз қалдыру олардың өміріне төнетін басты қауіп екенін атап өтті.
Өткен жылы шомылу маусымында суға кеткен 13 адамның 8-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар болған.
Терезеден құлау дерегі бойынша 12 жағдай тіркелген.
Осыған байланысты биыл алдын алу шаралары күшейтілді:
- Су айдындарында 150-ден астам ескерту белгісі орнатылды,
- Қосымша 50 белгі қойылмақ,
- Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қауіпті аумақтарда кезекшілік бақылау жүргізуде.
Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Терезеге қорғаныш торларын орнату ұсынылуда.
Шыбын-шіркейге қарсы тордың қауіптілігі туралы жадынамалар таратылуда.
Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова ата-аналарды балаларын жазғы демалыста қараусыз қалдырмауға шақырды. Жазғы сауықтыру лагерьлерінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда. «Жас құтқарушы», «Жас инспектор», «Жас өрт сөндіруші» үйірмелері жұмыс істейді. Арнайы сабақтар мен тренингтер өткізіліп жатыр. Әр ата-ана өз баласының қайда жүргенін біліп отыруы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі шомылу маусымы мен демалыс уақытында қауіпті аймақтарды қатаң бақылауға алып отыр. Құқық бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
В Атырау 0