Атырау, 23 маусым 08:55
 бұлттыВ Атырау +27
$ 521.57
€ 601.01
₽ 6.65

​Атырау облысында «Қазақстан халқына» қорымен әлеуметтік әріптестік нығаяды

530 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесіп, аймақтағы әлеуметтік жобалардың іске асуын қарастырды. Кездесу барысында бірлескен жұмыстың нәтижелері сараланып, биылғы басым бағыттар белгіленді.

Негізгі назар денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау және спорт инфрақұрылымын дамытуға аударылды. Ауыр және сирек кездесетін аурулары бар 13 пациентке 2,9 млрд теңге көлемінде көмек көрсетіліп, екі науқас шетелде ем қабылдады. Тоғыз тұрғын көздің қасаң қабығын алмастыруға мүмкіндік алды, ал облыстық балалар ауруханасы жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Қор медицина мамандарын шетелде оқытуға қаржылай қолдау көрсетсе, әлеуметтік салада тоғыз адам инновациялық протездермен қамтылды. Қалалық перзентхана базасында ерте араласу орталығы ашылып, бір бала экзоскелет алды. Сонымен қатар, Жылыой ауданында оңалту орталығын ашу жоспарлануда.

Білім беру саласында ауылдық 5 тірек мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, биыл тағы екі мектеп жаңартылмақ. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған үш арнайы мектеп жабдықталды. «Болашақ инженерлер» жобасы аясында төрт мектепке робототехника құралдары беріліп, тағы 12 мекеме бұл бағытта жұмыс істемек.

Әлеуметтік осал топтардағы 120 студент қордың қолдауымен білім алып жатыр, ал ауыл балалары үшін жазғы демалыстар ұйымдастырылған. Көктемгі су тасқынының салдарын жою мақсатында 80 тұрғын үй салуға 2,36 млрд теңге бөлінді.

Спорт саласында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда – балаларға арналған он жаңа спорт залы ашылды, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру клубы жұмыс істейді.

Атырау облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қорының серіктестігі өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған, әсіресе ауыл халқы мен әлеуметтік осал топтар үшін. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

21 мамыр, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.