
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Магановпен кездесу өткізіп, мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Атырау облысында бутадиен және синтетикалық каучук өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысы маңызды тақырыптардың бірі болды. Қытайлық China Tianchen Engineering Corporation компаниясымен белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жоба аясында жыл сайын 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучугы (ДССК), 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучугы (СБС) және 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін өндіру жоспарланған. Инвестициялық кезең 1 шілдеде басталмақ.
Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылатын «Қаратон Подсолевой» учаскесіндегі геологиялық барлау жұмыстары да талқыланды. Қазіргі уақытта 5,5 мың метрге дейін терең барлау ұңғымасын бұрғылау жүріп жатыр.
Сонымен қатар, терефтал қышқылы (ТФҚ) және полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндірісі бойынша жобалар назарға алынды.
Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметінің ынтымақтастыққа ашық екенін және бірлескен жобаларды қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ, еліміздің өнеркәсіптік дамуында «Татнефть» технологиялары мен сараптамасын енгізудің маңыздылығын атап өтті.