Атырау, 21 маусым 09:24
 ашықВ Атырау +26
$ 521.57
€ 601.01
₽ 6.65

Жайық торға толды: браконьерлер белсенді, инспекторлар аз

Сурет Бейнежазба
541 рет қаралды
Видеодан стоп-кадр

20 мамыр кешкісін журналист күннің батқаны мен толқындардың көрінісін түсіру үшін өзен жағасында серуендеп жүрген еді. Алайда, әдеттегі табиғат көрінісінің орнына күмәнді балық аулау құралдары оның назарын аударды. Құралдардың бір бөлігі жағалауда жатса, бір бөлігі су болған. Жақын маңда тұрған екі ер адам журналистің телефонға түсіріп жатқанын байқап, тез арада көзден ғайып болды.

Ол жерде не болды?

Бастапқыда журналист табиғат көрінісін түсірмек болды. Алайда жақындаған кезде журналист аулау құралын көріп, бірнеше фото мен видео түсіріп алды. Кері қайтар жолда жақын маңда тұрған көлікті және жағалауды бақылап тұрған ер адамды байқады.

Журналист ер адамнан балық аулау торлары сіздікі ме деп сұрады. Алайда, ол сұраққа бірден жауап берудің орнына, керісінше, сұрақ қоюшы кім екенін: "полиция қызметкері ме, әлде жергілікті тұрғын ба?" деп сұрады. Журналист өзін жұмыс уақытынан тыс жүрген фотограф ретінде таныстырды. Ер адам ау құралының ескі екенін, оларды басқа балықшылар қалдырғанын, ал өзі қайық күтіп тұрғанын айтты.

Инспекция не дейді

WhatsApp арқылы жіберілген хабарламаға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсин жедел жауап берді.

Ол ау құралын салу заңсыз екенін растады. 

- Әуесқой балық аулаушыларға ау құралын салуға тыйым салынған. Бұл – заңсыз. Біз қанша тексеріп, анықтап жатсақ та, ау салу тоқтамай тұр. Олар біздің балық инспекторлары мінген катер келе жатқанда ау құралын үлгеріп, судан шығарып, суырып алады. Біз кетіп қалғанда кері салады. Біздің жұмыс, жасыратыны жоқ, сағат 18.30-дан кейін аяқталады. Соған қарамастан тоқтамай тұр ғой. Бұл ау тіпті салмақ түгіл, елге кіргізуге, сауда орындарында сатуға тыйым салынған. Дей тұрғанмен, шекарадан өтіп жатыр, сауда орындарында сатылып жатыр, - деп түсіндірді ол. 

Н.Ғайсиннің айтуынша, қалалық инспекцияда қазір алты қызметкер ғана жұмыс істейді. Олар тексеруге жататын аймақ ММС-тен басталып, Бесіктіге дейін барады. Оның арасы - шамамен 60 шақырымдық жер. 

- Бұрын 20 қызметкер болды, ауысып, кезекшілік етті. Қазір адам саны жетпей қалады. Балықты құтқарумен де айналысамыз, өлген балықтан жағаны да тазалаймыз. Одан бөлек те мемлекеттік қызметіміз бар. Мен сіз көрсеткен жерге бөлім басшысын жіберемін. Таңертең жинап аламыз, бұйырса. Осындай ақпарат болса жіберіп тұрыңыздар, тексереміз, - деді ол.

Ғайсин сондай-ақ барлық тыйымдарға қарамастан, адамдар жұмыссыздықты себеп етіп, ау салуды жалғастырып жатқанын атап өтті.

- 30 жыл осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Бірақ, осы жылдар бойы ау салу тоқтаған емес.  Біз өзіміздің жұмысымызды атқарып отырмыз. Керек болса, қанша заңсыз ау тіркеліп, қанша бекіре балық тіркелгенін толық айтып бере аламыз, - деп сөзін түйіндеді ол.

Материал жарияланған сәтте келесі күні торлар тәркіленді ме, жоқ па, жауап болмады.

Еске сала кетейік, уылдырық шашу кезеңінде - 15 мамыр мен 15 маусым аралығында Жайық өзенінде кәсіптік емес балық аулау құралдарын қолдануға тыйым салынған. Бұл шектеу су биоресурстарын қорғау және олардың көбеюіне жағдай жасау мақсатында енгізілген.

Қолданыстағы тыйымды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабына сәйкес 39 320-157 280 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Сонымен қатар, Қиғаш өзенінде және оның тармақтарында балық аулауға 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында тыйым салынған, бірақ сенбі, жексенбі және мереке күндері бұл шектеу қолданылмайды. Жайық пен Қиғаш өзендерінің салаларында балық аулау 1 сәуірден 31 тамызға дейін рұқсат етілмейді.

Шаян аулау 1 сәуірден 15 маусымға дейін шектелген.

Жайықтың Каспийге құяр сағасынан Кіші Дамбаға дейінгі аумақта жыл бойы балық аулауға тыйым салынған, себебі бұл аймақ уылдырық шашу кезеңінде тыныштық сақтау аймағы саналады.

Айнұр САПАРОВА

Автор түсірген сурет пен видео

21 мамыр, 14:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.