
Атырау қаласында салынып жатқан жаңа Орталық саябақтың құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Аумақтағы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 4 гектар болатын демалыс орны Әлия Молдағұлова көшесінің бойында орналасқан. Бұл туралы Атырау облысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Саябақ аумағына жүздеген тал-терек егіліп, аллеялар, гүлзарлар, заманауи субұрқақтар мен көркем композициялар орнатылады.
– Орталық саябақтың құрылысы 2023 жылдың қараша айында басталды. Қазіргі таңда жұмыстар белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Бұл қала тұрғындары үшін жайлы әрі қолжетімді демалыс орнына айналады. Мұнда барлық жастағы адамдарға арналған серуендеу, спортпен шұғылдану және балалар алаңдары қарастырылған, – деп атап өтті Нұрберген Құсайынов.

Саябақ құрылысы Атырау облысы Құрылыс басқармасы мен NCOC компаниясының тапсырысы негізінде жүзеге асуда. Жобаны “Нұрсат” ЖШС құрылыс компаниясы атқаруда.

Жаңа демалыс орнында балалар мен спорт алаңдары, мәдени іс-шараларға арналған сахналар және тынығу бұрыштары салынады. Сонымен қатар, тамақтану аймағы (фуд-корт) ұйымдастырылып, жарықтандыру және навигациялық жүйелер орнатылады.
Басқарма басшысы атап өткендей, жаңа саябақ табиғат пен заманауи инфрақұрылым үйлесім тапқан қаладағы сүйікті орынға айналмақ.
В Атырау 0