
2024 жылы Атырауда бейнетіркегішке түсіп қалған жол апаты Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кеңінен таралған ең вирусты видеоның біріне айналды. Қарапайым есеп бойынша, аударылып қалған көлік туралы видео 125 миллионнан астам қаралым жинаған. Негізгі аудитория – Еуропа мен АҚШ қолданушылары.
Бәлкім, сондықтан да шығар, орыстілді пікірлерде оны америкалық жігіт деген пікір жиі кездеседі. Ал шын мәнінде, көлікте Атыраудағы 32 жастағы такси жүргізушісі Рафаэль Жұмашбаев болған. Өткен жылдың тамыз айында ол Исенов пен Жансүгіров көшелерінің қиылысында жол апатына ұшыраған еді.
— Жолаушыны түсіріп, орнымнан қозғалған едім. Көшенің қиылысында, қосалқы жолдан шыққан джип маған 60 км/сағ жылдамдықпен соғылды, — деп еске алады Рафаэль. Chery Tiggo тізгініндегі жүргізуші "Жол бер" белгісін елемеген. Соққы көліктің оң жақ бүйіріне тиіп, Рафаэльдің "Лада Грантасы" аударылып қалған.
— Мұндай жағдайда адамдар әдетте музыканың дауысын қатты шығару үшін магнитолаға ұмтылмайды. Пікір қалдырушылар сенің ерекше сабырлылы екеніңді айтуда. Шокта болдың ба?
— Шок дейтіндей болмады, бір сәтке есімді жия алмай қалдым. Айтпақшы, мен керісінше дыбысты бәсеңдеткенмін, — деп күледі Рафаэль. — Алғашқы бірнеше секундта құлағымда біртүрлі шу естілді, мен радионы өшірдім, бірақ шу басылмады. Сол кезде мәселе менде екенін түсіндім.
— Басқа ештеңе мазаламады ма?
— Кеуде мен аяғымда қатты ауырып кетті, аударылған күйде қалдым, денемнің салмағынан аяқтарым руль мен алдыңғы орындықтың арасына қысылып қалды. Сол кезде куәгерлер жүгіріп келіп, маған көліктен шығуға көмектесті. Көп адам артқы орындықта жолаушы болды деп ойлапты, бірақ өтіп бара жатқан адам көлік есігін ашып, ішін қараған еді.
Жазылушылар кейін қызықты детальді байқапты: iPhone автоматты түрде 112 қызметіне қоңырау шалып, оқиға орнының координаттарын жолдаған. Алайда, телефонның арғы жағында үнсіз ғана тұтқаны қоя салған. Рафаэль бұл туралы тек пікірлерден білген.
Дәрігерлер оған жеңіл дәрежеде миы шайқалған деп диагноз қойып, қолындағы кесілген жараны тігіпті. Көлік қатты зақымданған – алдыңғы әйнегі сынған, төбесі майысқан. Бүлінген көлік шығынын кінәлі тараптың сақтандыруы өтеген. Сот пен жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып, Рафаэль екі айға өз есебінен демалыс алуға мәжбүр болыпты.
Қазір ол қайтадан өзінің «Лада» көлігімен жолға шығып, қарапайым такси жүргізушісінің өмірі туралы блог жүргізуді жалғастыруда. Апатқа дейін TikTok-та оның 16 мың жазылушысы болған. Қазір бұл сан 35,6 мыңға жетті. Instagram-да — 8,8 мың.
2024 жылғы 8 қыркүйекте ол TikTok-та жол апатының түпнұсқа видеосын екі бөліп жариялаған. Бірінші бөлік 3,5 миллион қаралым жинаса, екінші бөлік — 4,4 миллион. Бір күннен кейін видео Instagram-да жарияланып, 15 миллион қаралымға жетті. Алайда, бұл видео француздық @frenchfuse қолданушысының арқасында нағыз вирус контентке айналды. Ол кадрларды аңызға айналған AC/DC тобының «Highway to Hell» әнімен өңдеп жариялаған. Бұл нұсқа 86 миллионнан астам қаралым мен шамамен 15 миллион репост жинады. Видео TikTok, Instagram, Reddit, Telegram және YouTube Shorts платформаларында кеңінен таралды.
Соңғы күндері бұл клип жаңа танымалдық толқынын бастан өткеріп, Threads платформасында қарқын ала бастады. Түрлі ремикстер пайда болды, мысалы, аниме стиліндегі жапондық нұсқа 15,6 миллион қаралым жинады. Тек үстірт санақтың өзінде видео жалпы кемінде 200 миллион қаралымға жеткені анық:
- @frenchfuse (TikTok): 86 млн
- @zh.rafael (TikTok): 7,9 млн
- @zh.rafael (Instagram): 15 млн
- @GRIND.till.i.die (TikTok): 888 мың
- @sokdoksannim (TikTok): 15,6 млн.
Рафаэль апатқа дейін-ақ медиа кеңістікте танымал болған — ол «Таксист в кепке» деген блог жүргізді және «Емааа подкаст» подкастының қосалқы авторы. Оны блогерлікке бір ерекше оқиға жетелеген.
— Мен тапсырыс бойынша келдім. Екі мас ер адам бір әйелді әкеліп, көлікке отырғызып, күте тұруды сұрады — олар көп адам болып жолға шықпақ болған. Олар алыстай бергенде, әйел маған жалбарынып, дәл сол сәтте кетіп қалайық деп өтінді. Мен бас тарттым, себебі тапсырыс оның атына рәсімделмеген. Кейін байқадым, ол да мас екен және қолдары жараланған. Жаралар терең болмағанымен, қан кетіп жатты. Мен есіктерді құлыптап, жүріп кеттім. Оған сулық беріп, полицияға қоңырау шалмақ болдым. Бірақ ол полицияға хабарлауға қарсы болып, тек өзін бір мекенжайға апаруымды сұрады. Қолын өзі кескенін, осылайша ішімдікті тоқтатқысы келгенін айтты. Айтқан мекенжайға келгенде, оны бір ер адам күтіп алып, бірге кетіп қалды. Сол кезде: "егер ол мені айыптаса, не болар еді?" деп ойландым. Осыдан кейін көлікке камера орнатуды ұйғарып, сапар кезіндегі қызықты әрі тосын оқиғаларды жариялай бастадым. Жол апаты да осылайша видеоға түсіп қалған еді.
— Апат туралы ең әуелі кім білді?
— Мен бірден отбасылық чатқа: «Уайымдамаңыздар, мен жол апатына ұшырадым, бірақ бәрі жақсы» деп жаздым. Анам мен әпкем сол сәтте келіп, менімен бірге ауруханаға барды. Достарым өздері көлікті аударып, эвакуатормен аулама жеткізіп қойды. Ал менің жұбайым жоқ, үйленбегенмін — бұл сөздерді үлкен әріптермен жазып қойыңыздар! — деп күлді Рафаэль.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Сурет пен түпнұсқа видеоны жарияланым кейіпкері ұсынды
В Атырау 0