Атырау, 5 желтоқсан 08:51
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Еуропа Трамп Мәскеуге ықпал етуді күшейтуге дайын емес деп пайымдады

309 рет қаралды

АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін хабарласқан Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Финляндия, Украина басшылары және Еуропа комиссиясы Вашингтон мен Мәскеу арасындағы келісімдер туралы естігенде "есеңгіреп қалды". Бұл туралы Financial Times келіссөздердің мән-жайын білетін дереккөзге сілтеме жасай отырып жазады. Басылымның сұхбаттасушысының айтуынша, Еуропада Трамптың "бейбіт реттеуге қарай нақты қадамдарға қол жеткізу үшін Путинге қысым көрсетуге дайын еместігі" туралы қорытындыға келген, деп хабарлайды The Moscow Times.

Өз кезегінде Германия канцлері Фридрих Мерц X әлеуметтік желісінде көпжақты телефон конференциясының барлық қатысушылары Украинаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіргенін хабарлады. Оның айтуынша, еуропалық елдер Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге келіскен. Бұл ретте Мерц Трамп әкімшілігінің осы шараларға қосылуға дайын немесе дайын еместігін нақтыламады. "Еуропа мен Америка Украинаны атысты тоқтату жолында қолдауда бірауыздан. Еуропа санкциялар арқылы Мәскеуге қысымды күшейтеді. Біз бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамппен Путинмен сөйлескеннен кейін келістік", - деп атап өтті ол.

Трамп пен Путин арасындағы 19 мамыр күні кешке екі сағатқа созылған әңгіме барысында АҚШ президенті Ресей мен Украинаның "дереу" атысты тоқтату және соғысты аяқтау туралы келіссөздерді бастайтынын мәлімдеді. Бұл ретте Трамп Мәскеуге қарсы жаңа санкциялардың енгізілуі мүмкіндігі туралы тіс жармады. Керісінше, ол Ресейдің Америка Құрама Штаттарымен сауда байланыстарын кеңейтуге мүдделі екенін және осы бастаманы қолдайтынын айтты.

Владимир Путин өткен әңгімеге түсініктеме бере отырып, Мәскеудің атысты тоқтату мүмкіндігін тек "тиісті келісімдерге қол жеткізілген жағдайда" ғана қарастыратынын атап өтті. Ол сондай-ақ "дағдарыстың бастапқы себептерін" жою соғысты тоқтатудың басты шарты болып қала беретінін қайтадан баса айтты.

Трамп Путинмен сөйлеспес бұрын Украина президенті Владимир Зеленскиймен бөлек сөйлесті, ал Ресей президентімен келіссөздерден кейін Зеленскиймен қайтадан телефон арқылы байланысқа шықты. Бұл телефон конференциясына сонымен қатар негізгі еуропалық көшбасшылар – Франция президенті Эммануэль Макрон, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Германия канцлері Фридрих Мерц, Финляндия президенті Александр Стубб және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен қосылды.

Зеленскийдің айтуынша, Трамппен әңгімелесу барысында Ресей тарапынан ұрыс қимылдарын тоқтатудан бас тартқан жағдайда Ресейге қарсы санкцияларды күшейту мүмкіндігі талқыланды. Бұл ретте РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәлімдеуінше, Трамп пен Путиннің екі сағаттық телефон арқылы сөйлесуі кезінде атысты тоқтатудың ықтимал мерзімі туралы тіпті сөз қозғалмаған.

Bloomberg Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Владимир Путин табандылығынан танбай, Ресей армиясының әскери басымдығына сенімді. Агенттіктің мәліметінше, ол 2025 жылдың соңына дейін Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарының бүкіл аумағына әкімшілік шекаралары шегінде бақылау орнатуды көздейді.

16 мамыр қарсаңында Стамбулда Ресей мен Украина делегациялары арасында соңғы үш жылдағы алғашқы тікелей келіссөз өтті. The Economist жазғандай, ресейлік тарап байланыс кезінде Харьков және Сумы облыстарына шабуыл жасаумен қорқытып, сондай-ақ Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарына бақылауды оларға беруді талап етті. Басылымның мәліметінше, РФ делегациясының басшысы Владимир Мединский Мәскеудің "шексіз" соғыс жүргізуге дайын екенін айтқан.


20 мамыр, 09:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.