
Уругвайдың бұрынғы президенті (2010-2015) Хосе Мухика 89 жасында өңеш қатерлі ісігімен ұзақ күрестен кейін сейсенбі күні қайтыс болды, деп хабарлайды Euronews.
Бұл туралы Уругвай президенті Яманду Орси растады. Ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Саған қатты зәру боламыз, қымбатты ақсақал. Бізге берген барлық жақсылығың мен халқыңа деген шексіз сүйіспеншілігің үшін алғыс айтамыз," – деп жазды.
Монтевидео қаласында 1935 жылы дүниеге келген Пепе Мухика – Ұлттық азаттық қозғалысы – Тупамарос атты қарулы марксистік партизандық топтың мүшесі болған. Кейін "Халықтық қатысу қозғалысын" (Movimiento de Participación Popular) құрып, Уругвайдың солшыл саяси партиясының негізін қалаушылардың бірі атанды.
- 1985 жылға дейін Уругвай диктатурасы кезінде түрмеде отырды.
- Ел демократияға көшкеннен кейін саяси мансабын бастады.
- 1995 жылы бұрынғы партизандар құрған партиядан депутат болып сайланды.
- 1999 жылы сенатор атанып, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыс істеді.
- 2005-2008 жылдары ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығы министрі болды.
- 2010 жылы Уругвай президенті болып сайланды.
2013 жылы Мухика Латын Америкасында алғашқылардың бірі болып тең құқықты некені заңдастырды. Сондай-ақ, сол жылы алғаш рет каннабис өндірісін, саудасын және тұтынуын заңдастырды.
Ол Латын Америкасында солшыл үкіметтер басым болған кезеңді пайдаланып, Уругвайдың аймақтағы позициясын нығайтуға күш салды.
Мухика қарапайым өмір салтымен, сән-салтанаттан бас тартуымен және латиноамерикалық жұмысшы табының рухын бейнелеуімен есте қалды. Ол орындалмайтын уәделер бермей, қарапайым халықтың өмірін жақсартуға бағытталған саясат жүргізді.
Оның тұрақты даму мәселелеріне адалдығы да ерекше атап өтіледі. Ол әлемдегі "ең кедей президент" атанғанымен, халықтың сүйіспеншілігі мен құрметіне ие болды.
2015 жылы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін, Мухика 2020 жылға дейін Уругвай Сенатының мүшесі болып қалды.
Өмірінің соңына дейін "Халықтық қатысу қозғалысының" белсенді мүшесі болып, Уругвайдың қазіргі президенті Яманду Орсидің сайлауалды митингілеріне қатысып отырды. Орси 2024 жылдың қараша айындағы сайлауда жеңіске жетіп, елдің жаңа басшысы атанды.