
"ҚМГ Инжиниринг" ЖШС құрылымында адам капиталы мен экологиялық трансформацияны дамытуға бағытталған стратегиялық курс аясында кадрлық тағайындаулар орын алды.
Эльмира Каримова кадр мәселелері жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалды. Оның 30 жылдық кәсіби тәжірибесі бар, оның 19 жылға жуығы мұнай-газ саласында өткен. Ол "Ембімұнайгаз" АҚ және "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-да қызмет атқарған, ал соңғы жұмыс орны "Самұрық-Қазына" АҚ-да Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры лауазымы болды.
Каримова "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниялар тобында ЕСОТ жүйесін әзірлеу және енгізуге қатысқан, ұжымдық шарттарды дайындау жұмыстарын жүргізген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін түзету бойынша KAZENERGY және Еңбек министрлігінің жұмыс топтарына мүше болған.
Әлия Шалабекова төмен көміртекті даму жөніндегі басқарушы директор болып тағайындалды. Ол ҚазАШУ, ҚазГЮУ және АҚШ-тағы Колумбия университетінде білім алған. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде, Энергетика министрлігінде және Экология министрлігінде басшылық қызметтер атқарған. 2023 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-да төмен көміртекті даму департаментінің директоры қызметін атқарған.
"ҚМГ Инжиниринг" ЖШС – "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ компаниялар тобының толыққанды құзырет орталығы. Ол мұнай-газ саласындағы өндірістік-техникалық талдау жүргізіп, ғылыми зерттеу құралдарын пайдалана отырып, саланың күрделі мәселелерін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар, жаңа білім мен құзыреттерді жүйелеу арқылы оңтайлы шешімдерді табуға ықпал етеді.