
Атырау облысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында маңызды қадамдар жасалып келеді.
Өңірде DamuMed медициналық ақпараттық жүйесі арқылы тұрғындарға сапалы және ыңғайлы медициналық қызмет көрсету жолға қойылған. Статистика бойынша Атырауда 18–60 жас аралығындағы 364 199 тұрғын DamuMed жүйесіне тіркелген. Олардың ішінде 137 мыңнан астам адам мобильді қосымшаны белсенді түрде пайдаланады.
Атырау қаласындағы №5 қалалық емхананың директоры Нұрбақыт Көпжанов медициналық қызметтерді цифрландырудың тиімділігін атап өтті. Оның айтуынша, DamuMed мобильді қосымшасын қаладағы 5 емхананың 4300-ден астам тұрғыны жүктеп, белсенді қолдануда. Бұл жүйе азаматтарға учаскелік дәрігерге алдын ала өз бетінше жазылуға мүмкіндік беріп, медициналық қызмет көрсету үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді.
Сонымен қатар, eGov Mobile қосымшасы арқылы еңбекке жарамсыздық парағының мерзімін онлайн көруге болады. Бұл шешім медициналық құжаттармен байланысты процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Қосымшада балаларды тіркеу, отбасы мүшелерінің медициналық картасын бақылау және дәрігермен байланыс тарихын сақтау мүмкіндіктері де бар.