
Нью-Йоркте рэпер Шон "Дидди" Комбсқа қатысты рэкет және адам саудасы ісі бойынша сот басталды, деп хабарлайды Euronews.
Шон Комбсқа рэкет, адам саудасы және сексуалдық зорлық-зомбылық бойынша бес айып тағылды. Егер ол кінәлі деп танылса, 15 жылдан 50 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Прокуратураның мәлімдеуінше, Комбс өзінің бизнес-империясын қылмыстық жүйеге айналдырып, оны жеке сексуалдық фантазияларын жүзеге асыру үшін пайдаланған.
Сот процесін АҚШ-тың округтік судьясы Арун Субраманиан жүргізуде. Бас айыптаушы – АҚШ прокурорының көмекшісі Морин Коми, ал оның әріптесі Эмили Джонсон сотта айыптау сөзін сөйледі.
Комбстың қорғаушысы Нью-Йорк адвокаты Марк Агнифило, ал оның қорғау сөзін адвокат Тени Джерагос айтты. Ол Комбстың агрессивті мінез-құлқы, алкоголь, қызғаныш және есірткі әсерінен болған әрекеттері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа негіз болуы мүмкін екенін мойындады. Алайда, бұл оны адам саудасы және рэкет үшін айыптауға негіз бола алмайды деп мәлімдеді.
Сотта Кассандра (Кэсси) Вентура басты куәгер ретінде тыңдалмақ. Прокурор Джонсонның айтуынша, Комбс бұрынғы серіктесіне оның эскорттағы ер адамдармен болған интимдік видеоларын жариялаймын деп қорқытқан.
Комбс 2023 жылы Кэссидің сотқа берген талабын бірнеше сағат ішінде келісім арқылы шешкен, бірақ бұл іс кейіннен жаңа куәгерлердің пайда болуына себеп болған.