
"Атырау жылу жүйелері" АҚ 2024 жылға арналған тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы тұтынушылар алдында есеп берді.
Таныстырылымға Қазақстан Халық партиясының Атырау облыстық филиалының төрайымы Балжан Досмұхамбетова қатысты. Бұл ақпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетінің сайтында жарияланды.
"Атырау жылу жүйелері" АҚ президенті Әлібек Темірғалиев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сұрақтардың бірі қызметкерлердің жалақысы мен тарифтік сметаны қайта қарау мүмкіндігіне қатысты болды.
- "Тарифтерді қалыптастыру қағидаларының" 601-бабына сәйкес, кәсіпорын жылына бір рет бекітілген тарифтік сметаны өзгертуге өтінім береді. Бұл өзгеріс салалық және өңірлік жалақы өсімін ескере отырып жасалады, - деп түсіндірді Темірғалиев. - 2024 жылы кәсіпорындағы орташа жалақы 294 665 теңгені құрады.
"Атырау жылу жүйелері" АҚ 2025-2029 жылдарға арналған "Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында әзірленген жаңа жобаны таныстырды.
Жоба аясында Атырау ЖЭО-дан «Восток» павильонына дейінгі магистральдық жылу желілерінің бір бөлігін қайта жаңартып, құбыр диаметрін 530 мм-ден 820 мм-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Қайта жаңарту жұмыстары ЖЭО-дан Менделеев көшесіне және М. Өтемісов көшесіндегі №128б үйге дейінгі аумақты қамтиды.
Жобаның жалпы құны ҚҚС-ты қоса алғанда 1 млрд 847 млн теңгені құрайды. 2030 жылға дейін ұлттық жоба аясында "АЖЖ" 9,6 млрд теңгені игеруді жоспарлаған.
Темірғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан және техникалық оператор – "Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ-дан оң қорытынды алған. Сондай-ақ, ҚР Энергетика министрлігінің жобаны іске асырудың мақсатқа сай екендігі туралы хаты және Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасының келісімі бар. Қазіргі уақытта барлық құжат қаржылық оператор – "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-да қаралуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ