
Атырау қаласындағы Жарбосынов көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарына қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар айтылуда. Айтуларынша, көшеде асфальт жаңартылғанымен, бұрынғыша тротуар мен жаңбыр суын ағызатын арық жүйесі қарастырылмаған.
"Жол жөнделіп жатыр дейді, бірақ жаңбыр жауса, қайтадан балшыққа батамыз. Бұрын жаяу жүргіншілерге арналған плиталар бар еді, қазір бордюр қойып тастаған. Жолдың жүргін бөлігінен өтуге ғана мүмкіндік қалды, - деп шағымдануда тұрғындар.
Олардың айтуынша, көшеде жауын-шашын мен еріген қар суларын ағызуға арналған дренаж жүйесі де мүлдем қарастырылмаған. Бұл мәселе қосалқы көшелердің су астында қалуына себеп болуы мүмкін.
"Мұндай жобалар қалай мақұлданады өзі?" - деп ашынады тұрғындар.
Айта кетейік, биыл 26 сәуірден бастап Жарбосынов көшесінің Қ.Ерниязов көшесі мен И.Тайманов даңғылы аралығы жөндеуге жабылған болатын. Атырау қаласы әкімдігі бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Жөндеу аясында тек асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Жұмыстар аяқталған соң жол жиегіне жаяу жүргінші жолы салынуы тиіс. Алайда дренаж жүйесін орнату орташа жөндеу жұмыстарына кірмейді.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Жарбосынов көшесін Құрманғазы көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін орташа жөндеу жұмыстарына 598,7 миллион теңге бөлінген. Жұмысты "КазСервисГрупп" ЖШС атқаруда. Бұл мердігер кейін Ерниязов көшесін де жөндеуді бастамақ. Аталған учаскеге 274,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. Жөндеу жұмыстары Гагарин көшесінен Сәтпаев көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Көлік кептелісін болдырмау мақсатында жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ