
KMG International тобына қарасты «Petromidia» мұнай өңдеу зауытындағы тығыздығы төмен полиэтилен өндіру қондырғысының (LDPE) жұмысы қайта жанданды. Компания LDPE қондырғысын «Petromidia» мұнай өңдеу зауытының мұнай-химиясы кешенімен қайта біріктіру арқылы Румыниядағы жалғыз ұлттық полимер өндірушісі ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді.
Жыл басынан бері еуропалық нарықта мұнай-химия өнімдеріне сұраныстың өсуі байқалуда. Осыған орай KMG International басшылығы тығыздығы төмен полиэтилен өндіру қондырғысын іске қосу туралы шешім қабылдады. Бұл KMGI-дің өндірістік және қаржылық көрсеткіштерінің одан әрі өсуіне ықпал етеді, сондай-ақ өңірдегі полимер нарығындағы көшбасшылықты қайтаруға мүмкіндік береді.
Биыл мамырдан бастап жобалық қуаты жылына 75 000 тонна болатын LDPE қондырғысы термошөгімді, аграрлық салаға арналған және жұқа орауыш пленкалар, сондай-ақ қалың пакеттер өндірісінде пайдаланылатын өнімдер шығара бастайды.
KMG International 2025 жылы жалпы 145 000 тоннадан астам полимер өндіруді жоспарлап отыр.