
Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында бір топ мектеп оқушысы 8-сыныпта оқитын оқушыларды сабақтан шыққан соң шаруа жасауға келмегені үшін таяқпен ұрып, қатыгездік танытқан.
Жәбірленуші оқушылардың бірінің ата-анасының сөзінше, бопсалауға кемінде 8 жасөспірім қатысқан. Олар баланы таяқпен ұрып, бүкіл денесіне жарақат салған.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, барлық күдіктілер анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.
- Балалардың кәмелетке толмауына байланысты заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алынатын болады. Қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленушіге сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайлары анықталуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, деп хабарлады полиция департаменті.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет әлеуметтік желіден