Атырау, 29 желтоқсан 04:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 504.60
€ 594.27
₽ 6.48

Ақжайық ауылында тал егіп, өсіруге байқау жарияланды

1 051 рет қаралды
ChatGPT арқылы жасалған сурет

Махамбет ауданына қарасты осы ауылды көгалдандыру мақсатында ақтерек ағашын егіп, оны баптап-өсірген тұрғындар арасында байқау жарияланды. 

Бұл істің бастамашысы "Дастан" шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Қоныс ЕРМАНОВ теректерді тегін ұсынып, жүлде қорын тағайындады. 

Күзде арнайы комиссия үздіктерді анықтайды. Жүлде қоры:

  • 1-орынға - 100 мың теңге,
  • 2-орынға - 50 мың теңге,
  • 3-орынға - 20 мың теңге.

Ауыл әкімі Ақтұрлан ЕРМАНОВТЫҢ айтуы бойынша, қазірдің өзінде 300-дей ағаш отырғызылды. "Ақжайық" су тазарту стансасы аумағында 70-тен астам терек отырғызылды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

-Теректер тегін беріліп жатыр, тұрғындар арасында қызығушылық бар. Талдар жазғы суару жүйесі арқылы суарылады. Теректің өсіп кетуі - еңбекке байланысты. Ақжайық ауылында жасыл желек жайқалып тұрса екен деп тілейміз, -дейді әкім.   

Ұйымдастырушылар бұл байқауға көрші ауыл тұрғындары да қызығушылық танытқанын атап өтті. Алайда байқау шарты бойынша олар қатыса алмайды.

- Егер әр ауылда жергілікті кәсіпкер бастамашы болса, әкімдіктен қолдау болары сөзсіз. Жасыл желек көбейсе, ауа тазарып, шаң-тозаң да азайып, жазда аптап ыстық болмас еді, - дейді ауыл әкімі. 

P.S. Мұндай науқандық шаралар көгалдандыру мәдениетін қалыптастырады. Біздің өңірде дәстүрлі түрде көбі мал шаруашылығымен айналысады. 

Егер жерді баптауға дағдыланса, егіншілер де көбеюі ғажап емес. 

Айнұр САПАРОВА

8 мамыр, 09:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.