Атырау, 21 желтоқсан 13:37
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Ботагөз Зинурова: «Адамға адам керек»

1 470 рет қаралды
Ботагөз Зинурова

Мейрамханаға 25 пен 55 жас аралығындағы қырыққа жуық бойдақ жиналды. Кешті ұйымдастырған - «Махаббат мекені» неке қию орталығы. Орталық былтыр ашылған. Орталықтың ашылғанына көп уақыт болмаса да, бойдақ жандарға арналған ашық форматтағы танысу кеші қаламызда үлкен қызығушылық тудырған. Орталық жетекшісі Ботагөз Зинурова жұбайлар некесін қиып жүргенде бойдақтардан «Қалаулым» секілді танысу клубын құру туралы ұсыныстар түсе бастағанын айтады. 

- Кешті өткізудегі мақсатым – өмірлік серігін таба алмай жүрген қыз-жігіттерге жаңа орта, жаңа мүмкіндік сыйлау. Бұл – менің жүрегімнің қалауы болатын. Қаншама жастардың отбасы құруына жол ашып, өз бақытын табуына себепші болғым келді, - дейді Ботагөз.

Ол бұл танысу кешіну келу үшін алдын ала тіркелген әрбір адаммен жеке сөйлескен. Әрқайсысынан жалғыздықтан жабығып жүргенін, бойын ұяңдық билегенін байқаған.

- Олардың жан-дүниесіне үңіліп, «жалғыздық – Алланың ғана сипаты» екенін тағы бір мәрте түсіндім, - дейді Ботагөз. - Әрқайсысының тағдырында өзіндік тарих, өзіндік мұң бар. Көбі жұмысбасты, тіпті бір басында екі-үш жұмыста істейтіндер бар. Үй мен жұмыс арасында шапқылап жүріп, жұбын таппаған. Кейбірі ажырасқан, кейбірі түрлі себеппен сүйгеніне қосыла алмаған. Енді бірі отыздан асып, отау құруға ниетті. Бірақ бәрін біріктірген – жалғыздық пен жаңа адаммен танысуға деген талпыныс.

Ботагөз бойдақтармен әуелі ұялы телефон арқылы сөйлескен. Кешке қатысуға ниет білдіргендерді іріктеп алған. Көбі көпшілік ортада танысуды ұят көріп, келуге ұялған. Бірақ, Ботагөз көбінің ойын өзгерте алдым дейді. Мұны естіп, «үйленбеген қызым бар, ұлым бар» деп бойдақтардың аналары хабарласа бастаған. Көбі осындай бастаманың қолға алынып жатқанына қуаныпты. 

Кешке келу үшін 15 мың теңге төлейді. Бұл мейрамхананы жалдау ақысымен қоса, шараны ұйымдастыруға (жарнама, хабарландыру, шақыру билеттері) жұмсалған. Кешті бойдақтардың өздері көңілді өткізуге тырысып, ойындарға да қатысып, би алаңының шаңын шығарып, кеш сәнін өздері кіргізуге атсалысқан:

- Бойдақтардың ішінде жасы 30-дағы жігіт әкесіне де жар іздейтінін айтты. Сол жерде жасы 50-ден асқан қыздар «шақыр папаңды» десті. Қызық болды. Келесі кездесуге әлгі жігіт әкесін әкелетін болып шешті. Әкесі 62-де, - дейді Ботагөз.    

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоға пікір білдіргендер арасында сын айтқандар да болды, кейбіреулер бұл әрекетті «жын ойнақ» деп атады. Дегенмен, ұйымдастырушылардың айтуынша, барлығы «халал» өткен. Түрлі ойындар ойналып, келген қыздардың бәріне де жолдары ашылсын деп үкі таратқан. Бұйырса, осы жоба аясында той болады деген үш жұп шығып тұр. Танысу кешіне қатысуға Қызылқоға мен Құрманғазы аудандарынан, тіпті көршілес өңірлерден – Батыс Қазақстан (Орал), Маңғыстау (Ақтау) облысынан қызығушылық білдіріп жатқандар бар екен. 

- Менің осы кешті өткізу арқылы армандағаным – бір адам болса да өз жұбын тапса екен деген тілегім болатын. Мен үшін бұл – миссия. Әйтпесе, адам түнгі клубтан, басқа жерден таппайды жұбын. Осындай өз орталарында ашық түрде дастархан басында қонақ боп, ән шырқап, әңгіме айтып, ашылып барып жақын танысады, бірін-бірі біліседі, - дейді Ботагөз.

Кешке негізінен спортшы, кәсіпкер, мұғалім, білімді жандар келген. Көпшілігі анонимді қалуды жөн көрген, және олардың жеке өміріне деген құқығы қатаң сақталады.

-  Мен олармен басында танысып, өздері туралы көбірек білгенде, өзіме де түрлі тағдырды естігенде ауыр болды. Бірақ, ортамыз қалыптасып келе жатқаны қуантады. Қазір бірге отырып шай ішіп, шүйіркелесіп  әңгіме айтатын жағдайға жеттік. Бойдақ жігіттер де солай, бір-бірімен араласып-құраласып жүр. Мен оларды орталығымызға тіркеу алдында тыңдадым, уақытым мен энергиям кетті. Таңдадым әрқайсысын. Әркімнің ойы мен сөзіне, ниет-мақсатына қарадым,- дейді ол.

- Ботагөз, өзіңіз де бойдақсыз, иә? Өзіңіз туралы айтып беріңізші. 

- Иә, 18 жасымда сүйген жігітімді кездестіріп, екеуміз 8 жыл жүрдік. Үйленгелі жүрдік. Бірақ, ортада сөз көбейіп, арамызға түскендер болды. Соңында екеуміз де сөзге еріп кеттік. Ортада келіспеушілік болды. Аяғым ауыр болып қалды. Содан соң арамыз үзілді. Ұлым бар қазір ер жеткен. Досымдай сөйлесемін. «Сіз бақытты болыңыз, сізге ризамын, өзіңізді шектемеңіз» деп маған өмірлік серік табуыма шын жүрегінен тілегін білдірді. Бәрін тағдырға итеріп салуға да болмайтын шығар. Адамның өз қолында екен тағдыры. Тек әрекет ету керек екен, күресу керек екен. Мендегі қателік сол болды, мен күресе алмадым.

- Қай сала маманысыз?

- Негізгі мамандығым - қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімімін. Жеті жыл бастауыш сыныбына сабақ бердім. Енді мен психолог ретінде адамдарды тыңдап, қолдау көрсетіп, оларды жақындастыруға көмектесемін.

- Сіз Атырауда бойдақ көп, танысу кешін өткізіп, бойдақтарды табыстырсам екен деген идея сұраныстан туды дедіңіз. Жеке өмір де әсер еткендей ме...

- Мүмкін. Кейде қаншама жетістікке жетіп жастам да, өзім де жалғыздықтан жалығамын. Бойдақтардың бақытты болғанын көрсем, менің де өмірімде өзгеріс болып, мен де жұбымды табатын сияқтымын. Онсыз да бақыттымыз ғой, бәрі жеткілікті ғой мына заманда. Қолыңнан да бәрі келеді. Бірақ адамға адам керек екен. Мына заманда барыңды бөлісетін бір адамың керек екен.

Ботагөз танысу кешіне тіпті музыканттар мен әншілердің арасынан да бойдақтарды шақырған. Қонақтардың ішінде тек бір адам ғана отбасылы – қоғам белсендісі, жобаны қолдаушы Әсия болған.Ол да, кәсіпкер Бану Гайдар да бұл бастамаға қолдау білдірген. Осындай жандардың қолдауының арқасында қыздар мен жігіттерде бір үміт пайда болды. Ең бастысы - кеш нәтижелі болды.

Айнұр САПАРОВА

6 мамыр, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.