
5 мамыр күні Мемлекет басшысы батылдық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткен азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапатталғандардың арасында Атырау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ержан Есқалиев те бар. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат адамдарды өрт, табиғи апаттар және түрлі төтенше жағдайлардан құтқарған жеке ерлік иелеріне беріледі.
Ержан Есқалиев – Атырау маңындағы Еркінқала ауылының тумасы. 35 жастағы азамат Ақтөбе политехникалық колледжін тәмамдаған соң, өмірін азаматтық қорғау қызметіне арнаған. Содан 12 жыл бойы халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп келеді.
Қызмет барысында Ержан бірнеше ірі өрт оқиғаларында және авариялық-құтқару операцияларында кәсіби шеберлікпен қатар, қайсарлық танытқан. Атап айтқанда 2024 жылдың 31 наурызында ол департаменттің 61 қызметкерімен бірге Қызылқоға ауданына аттанып, тасқын қаупі туындаған ауылдарды қорғау шараларына белсене қатысты. Миялы, Тасшағыл және Абай ауылдарында жергілікті тұрғындармен бірге бөгеттерді бекітіп, су басу қатерінің алдын алуға көмектесті.
Арада бірнеше күн өткен соң, 4 сәуірде Жылыой ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған кезде де Ержан өз бөлімшесімен бірге алдыңғы шептен көрінді. Олар тұрғындарды эвакуациялап, су басқан үйлерден мүлік пен үй жануарларын құтқару жұмыстарына қатысты. Бұл ауқымды операция нәтижесінде 36 738 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 191 адам, 248 ірі қара және 35 үй жануары құтқарылды.
Әріптестері Ержанды өз ісіне берілген, талапшыл әрі білікті маман ретінде сипаттайды.
– Біз үшін ең маңыздысы – адам өмірін сақтау. Қиын жағдайда қалған жандардың жанарындағы үрейді көргенде, әрбір секундтың құнын түсінесің. Құтқарушы болу – бұл жай ғана жұмыс емес, халыққа адал қызмет ету жолы, – дейді құтқарушы.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті ТЖД жолдады
В Атырау 0