Атырау, 22 желтоқсан 20:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атырау қаласындағы №37 мектепте орыс сыныптары жабылады

1 883 рет қаралды

Биыл жаңа оқу жылында Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданында орналасқан Салық Зиманов атындағы №37 мектептің орыс сыныптары жабылады. Мұндай шешімге мұғалімдердің тапшылығы себеп болып отыр.

Осы жаңалықты естігеннен кейін ата-аналар "Аманат" партиясына және білім бөліміне бірнеше рет хат жазған. Себебі олар соңғы төрт жыл бойы бірге оқып келе жатқан оқушыларды қаланың әр мектебіне бөліп тастау баланың психологиялық жай-күйіне және оқу үдерісінің тұрақтылығына кері әсер етеді деп есептейді. 

№37 мектеп ресми түрде қазақ тілді білім ордасы болып саналады. Дегенмен 2021 жылы орыс сыныптарына деген сұраныстың артуына байланысты, бірінші сыныпқа орыс тілінде білім алатын балалар қабылданған. Қазір бұл оқушылар төртінші сыныпты тәмамдауда. 

– Мен 4 «Е» және 4 «Д» сынып оқушыларының атынан наурыз айында «Аманат» партиясының облыстық филиалы басшысы Абдолла Идрисовтың қабылдауында болдым. Сол кезде бұл мәселе бойынша Идрисов Атырау қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекеновамен сөйлесіп, №38 немесе №40 мектепке ауыстырылады деген уәде алған едік. Кейін Дүйсекеноваға ресми хат жолдағанымызда, «орыстілді кадрлардың жетіспеушілігіне байланысты» балаларды Нұрсая маңындағы мектепке орналастыру мүмкін емес деген жауап алдық, – дейді ата-ана Жандарбек Ермұханов. 

Айтуларынша онсыз да кадр тапшылығынан төрт жылда үш мұғалім ауысқан. 

- Бәрі бір үйдің баласындай өсіп қалғанда өздерің мектеп қарай беріңдер деп оларды жан жаққа бөліп тастағалы отыр. Бұл біріншіден баланың психикасына, тұрақты білім алуына зиян келтіреді, екіншіден қауіпсіздік. Мысалы мен көпбалалы анамын, мектеп жасындағы екі баламның бірі №37 мектепте екінші №40 мектепте орыс сыныбында оқиды. Енді мен келесі жылы баламды Вокзал ықшамауданына немесе Авангардқа тасып жүре алмаймын. Бізге сынып құрамымен бірге Нұрсаядағы аралас мектептерден орын алып берсін, - дейді тағы бір ата ана Гаухар Нұрбаева.   

№37 мектеп директорының міндетін атқарушы Нұргүл Габдуллинаның айтуынша, қазіргі уақытта төртінші сыныпта 16-17 оқушыдан екі сынып бар. Бастапқыда бұл сыныптарды оқытқан мұғалім отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан кеткен, қазір басқа маман сабақ беріп жатыр. 

– Бастауыш сынып оқушылары негізі таңертең оқуы керек еді, бірақ мұғалім жетіспегендіктен, екі сыныпқа бір мұғалім сабақ беріп, оқушылар таңертең және түстен кейінгі екі мезгіл уақытта оқып жатыр. Ал жоғары сыныптарға орыс тілінде білім беретін пән мұғалімдері жоқ, – дейді ол. 

Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, жаңа оқу жылында №37 мектептің орыс тілді 5-сынып оқушыларын басқа ықшамауданға емес, жақын маңдағы мектептерге орналастыру жоспарланып отыр. Бірақ бұл нақты шешім оқу жылы аяқталған соң ғана белгілі болады. 

- Оқу жылы аяқталғасын жақын маңда орналасқан мектептердің контингенті зерделеніп атаулы мектептің орыс сынып оқушылары үшін сынып ашу орналастыру жоспарлануда, -деді ол.

Ал ата-аналар мәселе шешілмесе біз президентке де жазамыз, себебі біздердің бәріміз бірдей Нұрсая ықшамауданынан асып, басқа ықшамауданға баламызды тасып жүруге мүмкіндігіміз жоқ, дейді.

Нұрбейбітт НҰҒЫМАНОВ

6 мамыр, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.