
Қазақстандағы KPI полипропилен өндіру зауыты күрделі жөндеуден кейін ресми іске қосылатынына қарамастан 2025 жылы жобалық қуатқа шықпайды. Бұл туралы «Нефть и газ Казахстана» Telegram-арнасы хабарлады.
2024 жылы зауыттың 28 рет тоқтауының салдарынан Қазақстандағы мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру жоспары небәрі 85,9%-ға орындалды (жоспарланған 628 мың тоннаның орнына 540 мың тонна өндірілді).
Министрліктің 2023-2029 жылдарға арналған Энергетикалық кешенді дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі есебінде жоспардың орындалмауына негізінен полипропилен өндірісінің артта қалуы себеп болғаны айтылған. Себебі жабдықты іске қосу және реттеу жұмыстары кезінде ақаулар анықталып, бұл зауыттың 28 рет тоқтауына әкелген.
Зауыт 2022 жылдың қараша айында іске қосылғанымен, қабылдау актісі әлі күнге дейін бекітілмеген.
«ҚазМұнайГаз» 2025 жылдың қаңтарында іске қосу жұмыстарын аяқтайтынын мәлімдеді, алайда Kazakhstan Petrochemical Industries және ЕРС-мердігер жабдыққа түсетін жоғары жүктемелер кезінде анықталған ақауларды жою жұмыстарын жалғастыруда.
Биыл зауыт жоспарлы жөндеуге тоқтатылады, жөндеу аяқталғаннан кейін қабылдау актісі бекітілуі мүмкін. Алайда, «ҚазМұнайГаз» болжамы бойынша, 2025 жылы зауыт 486 мың тонна ғана полипропилен өндіреді, бұл жобалық қуат – 500 мың тоннаға жетпейді (2024 жылы 10 түрлі маркалы 249 мың тонна полипропилен өндірілді).
В Атырау +3