
Жылыой ауданының әуесқой аңшылары бірігіп, табиғатты құс, аңдармен толықтыруды жоспарлапты. Климаттың құрғақшылығы Жылыой ауданындағы жабайы құстардың азаюы жергілікті аңшыларды алаңдатуда.
- Соңғы кезде құстар азайып, бізді толғандырып жүрген. Біз де табиғатқа жанымыз ашиды, құс, аңдарымыз көбейсе сәні емес пе? - дейді әуесқой аңшы Асман ЖЕКСЕНГОЖИН.

Осылайша аңшылар тобы зерттей келе табиғаты сәйкес келетін Қызылорда облысы Арал ауданынан 40-шақты қырғауылды (10 қораз, 30 мекиен) сатып алған. Оны Жем өзенінің бойындағы жидегі бар тоғайлыққа жіберген.

Енді оның Жем бойына сіңіп кетуі үшін аңшылар қырғауылды қызғыштай қоруда. Егер жерсініп кетсе, қырғауылды көбейту жоспарларында тұр екен.
АЖ анықтамасы: Қырғауыл тауықтұқымдас отрядына жатады. Қырғауыл әдемі, ерекше құс. Ол тоғайлы, қамысты-қопалы жерді мекендейді. Отырықшы құс, жерде жүргенімен ағаш басына қонақтайды. Мекиені сәуірден шілдеге дейін 10-14 сарғыш қоңыр жұмыртқа салып, 23-24 күнде басып шығарады. Өсімдіктермен және әртүрлі омыртқасыздармен қоректенеді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -2