
Атырау қаласына қарасты ауылдық округтерде жаяу жүргінші жолдары жетіспейді. Қазіргі таңда тротуарлар тек басты көшелерде ғана бар, алайда олардың көпшілігі ескіріп, тозған. Кейбір көшелерде тротуар мүлде жоқ немесе аяқталмай қалған. Тұрғындар бұл жағдайдың балалардың мектепке баруына кедергі келтіретінін айтып, наразы.
– Жолдың жоқтығы жанымызға батты. Жаңбыр жауса балаларымыз мектепке бара алмай қалады, – дейді тұрғындар.
Мәселен, Атырау ықшамауданындағы Шманов көшесінде салынуы тиіс тротуар құрылысы былтыр жаздан бері тоқтап тұр. Жолдың жиектері жасалғанымен, ортасы күтімсіз қалып, шөп басып кеткен.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін қалада жалпы ұзындығы 186,3 шақырымды құрайтын 188 көшеге жаяу жүргінші жолдарын салу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар тоғыз жоба аясында жүзеге асырылады. Жобалар биыл толық аяқталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұл тротуар салу жобасы алғаш рет 2022 жылы басталған. Алайда жобаға енгізілген өзгерістерге байланысты жұмыстар біраз уақытқа тоқтап қалған. Қазіргі есеп бойынша, сол жылы басталған тротуар құрылысының тек 30 пайызы ғана орындалған. Қалған жұмыстар жоба қайта қаралған соң жалғасатын болады.
- Бастапқыда жаяу жүргінші жолының беткі қабатына асфальт төсеу қарастырылған еді, кейін бұл шешім төсемтастарға өзгертілді. Сонымен қатар, өзгертілген жобаға жаңа көшелер қосылған. Қазіргі уақытта жобалардың бір бөлігі мемлекеттік сараптамада. Ал кейбірі сараптамаға жіберу үшін құжаттары қайта жинақталып жатыр, - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жаяу жүргінші жолын төсеу жұмыстары қазір Бірлік ықшамауданында жүріп жатыр. Аталған жобалар бойынша жұмыстар биыл толықтай аяқталады деп жоспарланған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0