
Атырау облысында құқықбұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, сондай-ақ Полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті, Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері қатысты.
Кездесу барысында отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары, жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстары, сондай-ақ спорт және автомобиль жолдары салаларында жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері қаралды. Сонымен қатар, облыстағы тас жолдардағы жол қозғалысын тұрақтандыру және алдын алу мәселелері, сондай-ақ Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты әйелдер колониясына қатысты сұрақтар талқыланды.
Облыс бойынша өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау мақсатында ведомствоаралық мобильді топтар құрылып, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын анықтауға ерекше назар аударылуда. Сонымен бірге, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қала сыртындағы республикалық және облыстық тас жолдарда көлік жылдамдығын автоматты режимде бақылайтын 28 «Кибер-шериф», 8 «Оракул», 15 стационарлы «Трафик сканер» және екі әуеден бақылайтын құрылғы үздіксіз жұмыс істеуде.
Жиын соңында әр басқарма өз ұсыныстарын білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті тәуекел карталарын әзірлеуді, әр ұйымдағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жүйелі бағалауды, қызметкерлерді оқытуды және комплаенс саласы бойынша тұрақты семинарлар мен тренингтер өткізуді ұсынды. Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларына себеп болатын үй жануарлары мәселесін көтеріп, елді мекендерде қараусыз жүрген жануарларды уақытша ұстайтын арнайы орындар ашу ұсынысын жасады.
В Атырау 0