Атырау, 5 желтоқсан 08:02
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Каспий жағалауында 88 итбалықтың өлексесі табылды: қырылу себебі белгісіз

966 рет қаралды

29 сәуірде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданындағы жағалауына мониторинг жүргізу барысында 88 итбалықтың өлексесін тапты.

Оқиға орнына инспекция, жергілікті әкімдік және Гидробиология және экология институтының өкілдері барды.

Бұл жағдай бойынша Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің "Қызыл кітапқа енген жануарлардың қырылуы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Қазгидрометтің мәліметінше, өткен кезеңде аймақта батыс желдері басым болып, соның салдарынан қырылған итбалықтар жағаға шығып қалған болуы мүмкін.

Гидробиология және экология институтының ғылыми сараптамасына сәйкес, жануарлар ыдыраудың жоғары сатысына жеткен, бұл токсикологиялық және патологиялық зерттеулер үшін сапалы сынама алуды қиындатады.

Болжамды қырылу уақыты 2-3 апта бұрын болғандықтан, қазіргі кезеңде оның нақты себептерін анықтау мүмкін емес.

Санитарлық нормаларды сақтай отырып, жергілікті атқарушы органдар және инспекция өкілдері Түпқараған ауданының қатты қалдықтар полигонында өлекселерді жинау, тасымалдау және жою жұмыстарын жүргізді.

Каспий теңізінің жағалау белдеуіндегі мониторинг жалғасуда, ал итбалықтардың қырылу жағдайы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің бақылауында.

2 мамыр, 13:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.