
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында «Dragon Oil» компаниясының Бас директоры Али Рашид Әл-Джарванимен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде технологиялармен алмасу, мұнай сервис қызметтерін көрсету және бірлескен жобаларды іске асыру саласындағы перспективалар қаралды.
2024 жылы ҚМГ мен Dragon Oil-дің еншілес компаниялары «KMG Drilling & Services» ЖШС (KMG DS) мен «Dragon Oil Turkmenistan Limited» арасында Каспий теңізінің Түрікменстан секторында бұрғылау қызметтерін көрсету туралы келісімшартқа қол қойылды. Осы келісім аясында Шелекен кен орнында Қазақстанда жасалған «Satti» өзі көтерілетін қалқымалы алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысы (иесі — KMG DS) жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта қондырғы Түрікменстанға сүйреу үшін техникалық дайындық рәсімдерінен өтіп жатыр.
«Satti» — бұл күрделі теңіз жағдайларында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған, озық технологиялармен толық жабдықталған бірегей қондырғы. 2021 жылы модификациядан өткеннен кейін оның жүк көтеру қуаты 453 тоннадан 680 тоннаға дейін артты. Теңіз қондырғысы 6 мың метрге дейінгі тереңдіктегі ұңғымаларды бұрғылай алады.
Бұл бастама еліміздің халықаралық мұнай сервисі қызметі нарығына қатысуын кеңейте отырып, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайта түседі.
— ҚазМұнайГаз Dragon Oil-мен серіктестік қатынастарды нығайтуға ерекше мән береді. Satti қондырғысын тарта отырып, Каспийдегі жобаны бірге іске асыру қос тарап үшін де нәтижелі болатынына сенімдіміз, — деді А.Хасенов.
Анықтама:
«KMG Drilling & Services» ЖШС — 2008 жылы ашылған ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы. Каспий теңізінің қазақстандық секторында бұрғылау қызметтерін көрсететін жетекші кәсіпорын. Satti алғашқы теңіз бұрғылау қондырғысына иелік етеді.
Dragon Oil Turkmenistan Ltd — DragonOil компаниясының еншілес ұйымы (БАӘ). Каспий теңізіндегі Шелекен аумағында көмірсутектерді барлау және өндірумен айналысады. Кәсіпорын EmiratesNational Oil Company (ENOC) меншігінде.
В Атырау +3