
Әлеуметтік желіде Атырау облысының 54 жастағы тұрғыны Ерлан Сабировтың Индер ауданында жеті ай бойы еңбек құлдығында болғандығы туралы ақпарат пайда болды. Оның айтуынша, ол мал бағып, ақы алмаған әрі үнемі бақылауда болған.
"Мен мал бақтым, бірақ ондай өмір сүргім келмеді. Алғашқы мүмкіндікті пайдаланып қашып кеттім. Жаңа өмір бастап, отбасы құрғым келеді. Маған ештеңе берген жоқ — мен жай ғана құл болдым", — деп оның сөзінен үзінді келтіреді әлеуметтік желілердің бірінде.
Редакция бұл ақпараттың шынайылығын Атырау облысы полиция департаментінен тексеруді ұйғарды.
Полицияның ресми комментарийінде: "Әлеуметтік желіде мониторинг жасау кезінде анықталған дерекке қатысты дереу анықтау-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 1971 жылы туған ер адамның еш жерде мәжбүрлі түрде немесе құлдықта болмағаны анықталды. Аталған азаматтың тұрғылықты мекен-жайы бойынша туыстарымен сөйлесілді, таралған ақпараттың жалған екендігі белгілі болды" делінген.
Полиция тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушыларынан қандай да бір құқық бұзушылық деректеріне куә болса немесе күдік тудырған жағдайда бірден 102 операторына хабарлауды сұрайды.
Айнұр САПАРОВА