
Атырауда жол таңбаларын жаңарту жұмыстары басталды. Әкімдік жолақтардың қашан және қай жерде пайда болатынын түсіндірді.
Анықтама үшін: 2025 жылы жол белгілерін сызуға шамамен 147 миллион теңге бөлінген. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде — алдымен күрежолдарға, апат жиі болатын жол қиылыстарына, сондай-ақ мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар маңына жолақтар салынады.
Бояу немесе термопластик
Атырау қаласының жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жол белгілерін жасау үшін екі материал қолданылады. Бояу – ең көп дегенде үш ай сақталады (жұмыс көлемі 38 000 шаршы метр) және термопластик – алты айға дейін төзімді (көлемі -18 000 шаршы метр). Әдетте, термопластикті көлік қозғалысы қарқынды аумақтарда қолданады.
Қай материалды қай жерге қолдану қажеттігі қозғалыс қарқындылығы мен жол жабынының тозу деңгейіне байланысты шешіледі.
«АЖ»-ға түсіндіргендей, көктем басталып жатқандықтан қаладағы барлық жол таңбаларын бірден жаңарту мүмкін емес.
Жолақтарды тек +10°C және құрғақ ауа райы кезінде ғана сызуға болады, әйтпесе оларды жаңбыр шайып кетеді немесе алғашқы көлік-ақ өшіріп тастайды. Сондықтан бұл жұмыстармен көп жыл бойы айналысып келе жатқан «АтырауДорЗнак» ЖШС жол белгілерін салуды көктемнің ортасына қарай ғана бастайды.
Ал жолақ белгілеу кезегін күткен өткелдерде жаяу жүргіншілерге қауіп сақталуда. Мысалы, Атыраудағы Дамбы аялдамасы маңындағы көлік тораптары бірнеше жыл бойы жаяу жүргінші жолақтарын жаңартуды күтуде. Полиция мәліметінше, жаяу жүргіншілерді көлік қағу оқиғаларының саны едәуір артқан:
- 2023 жылы – 3 жағдай,
- 2024 жылы – 18 жағдай, 1 адам қаза болды,
- 2025 жылдың алғашқы 3 айында – 7 оқиға, 8 адам жарақат алды.
Барлық оқиғалар жолақтар болмаған өткелдерде орын алған. Бұл қаладағы жол қауіпсіздігі мәселесіне назар аудару қажеттігін айқындайды.
Айта кетсек, жол белгілерінің жоқтығына қатысты шағымдар109 нөмірі арқылы қабылданады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА