
Демалыс күндері Атыраудағы әлеуметтік желілерде Жұмыскер ықшамауданының тұрғындары жолды өздері жөндеп жатқан видеолар пайда болды. Ұзақ күтіп шаршаған тұрғындар жолдағы шұңқырлар көліктерін бүлдіріп, зиянын тигізген соң, жағдайды өз қолдарына алуды ұйғарды. Мемлекеттік органдарға жасалған өтініштер нәтиже бермеген соң, жергілікті тұрғындар қолдарына күрек алып, шұңқырларды цемент, құм және топырақ қоспасымен толтырды.
Шұңқырлар және биліктің әрекетсіздігі
Көптеген қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қалалық әкімшіліктің әрекетсіздігіне наразы екенін білдіріп, олар Атыраудағы жолдардың жағдайы қолайсыз деңгейге жеткенін айтуда.
Жұмыскер ықшамауданының тұрғындары өз әрекеттері биліктің назарын аударып, толыққанды жөндеу жұмыстарының басталуын тездетеді деп үміттенеді. Айта кетейік, мұндай жағдай Атырауда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бір жыл бұрын Химпоселок ықшамауданының тұрғындары да өз қаражаттарына шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізген еді.
Биыл Атыраудағы жолдарды жөндеуге 787 млн 365 мың теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары аясында 116 көшеде жалпы 51 085 шаршы метр бүлінген жол жабыны қалпына келтірілмек. Көшелердің толық тізімі «Ақ Жайық» газетінің сайтында қолжетімді.
Айнұр САПАРОВА