
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына («ПҚОП» ЖШС) барды. ҚМГ басшысы кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралап, ПҚОП қызметінің негізгі мәселелеріне қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Жиында 2025 жылға арналған көрсеткіштер, сондай-ақ зауыттың ұзақ мерзімді перспективадағы даму стратегиясы талқыланды.
ПҚОП алдына жылдық өңдеу көлемін 6,2 млн тоннаға дейін жеткізу және елімізде қалыптасқан бензин профициті кезінде дизель отынын шығару көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Қоймадағы қорды басқару және операциялық тиімділікті арттыру бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше мән берілді.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту жобасының қазіргі жағдайы жан-жақты қаралды. Бүгінгі таңда жобаны іске асыруға бағытталған негіздемелік келісімді келісу жүріп жатыр, одан кейін техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу кезеңі басталады. Жер бөлу және инфрақұрылыммен (су, электр энергиясы және газ) қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Сонымен қатар дайын мұнай өнімдерін (бензин, дизель отыны) тасымалдау үшін Шымкент-Алматы құбырын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл халқы тығыз орналасқан аймаққа отынды жеткізуді қамтамасыз етеді және теміржол тасымалына тәуелділікті азайтады.
Ағымдағы жобалар да қаралды: факелге жағуға жіберілетін газдарды отын желісіне қайтаратын қондырғыны және сұйытылған көмірсутек газының автоқұю торабын салу. Үш жылдық жөндеу аралық кезеңге көшу жобасы талқыланды.
— Шымкент мұнай өңдеу зауытының тұрақты жұмыс істеуі ішкі нарықты отынмен үздіксіз қамтамасыз етуде аса маңызды. Биыл құрылғанына 40 жыл толған зауыттың алдында өндірістік жоспарды орындау ғана емес, тиімділікті едәуір арттыру, қауіпсіздік пен экологияны сақтаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету міндеті тұр. ПҚОП қуатын кеңейту жобасын тездетіп іске асыру қажеттілігін ерекше атап өтемін. Себебі бұл — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің стратегиялық басымдығы, — деді Асхат Хасенов.
Былтыр ПҚОП 5,74 млн тоннадан астам мұнай өңдеді. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі — 78,8% (2023 жылы — 72,2%) және өңдеу тереңдігі — 85,8%-ды (85,5%) құрады.
Биыл бірінші тоқсанда да өндіріс оң динамиканы көрсетті: шикізатты өңдеу көлемі 1,51 млн тоннаны құрап, жоспар шамамен 4%-ға асыра орындалды. 2025 жылдың үш айы ішінде жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,2%-ға жетті, жоспар бойынша 76,4%. Мұнай өңдеу тереңдігі 87,72% құрады (жоспарға сәйкес 86,52%).
В Атырау +4