
«Атырау – Орал» республикалық маңызы бар трасса барған сайын кедергілер жолағына айналуда. Әсіресе, ұзын жолда жүйткіген темір тұлпар тізгіндеушілер жол жабынының бүлінгеніне шағымдануда, ал уәде етілген күрделі жөндеу тағы да белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Республикалық маңызға ие «Атырау-Орал» тас жолының жалпы ұзындығы-487 км. Оның 303 км Батыс Қазақстан облысына, ал 184 км Атырау облысының еншісіне тиеді. Соңғы жылдары күрделі жөндеуден өтпегеннен кейін жол жұтаң тартып, күйі кетіп тұр. «АЖ» редакциясына екі күннің бірінде шағым түседі.

- Міне біз республикалық маңызы бар Атырау-Орал тасжолы бойында тұрмыз. Бұл жолдың бойында Атырау облысына қарасты Махамбет, Индер ауданы орналасқан. Жолдың жайсыздығынан жолаушылаудың қауіпсіздігі сақталмауда. 2023 жылы 17 қаңтарда «Аманат» партиясының Атыраудағы филиалында үлкен жиналыс болып, оған «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы, облыстық ДП басшысының орынбасары қатысып, біз ұсыныс берген болатынбыз. Осы жолдың бүлінген тұстары мен белгілеріне байланысты хаттама толтыру патрульдік жол полициясына жүктелген болатын, - дейді қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.
Осы жайды білмек болып, жол бойын бақылауға алған патрулдік полиция қызметкерлерімен сөйлестік. Өзін Нұрдәулет МУХАМБЕТОВ деп таныстырған лейтенант шеніндегі полиция қызметкерінің айтуынша күнделікті бүлінген жол бойынша хаттама толтырып тапсырып отырады екен, бірақ одан қандай шара алынатыны белгісіз. Ол жол белгілерінің дұрысталуына үлес қосқан болып шықты.
Күн сайын қауіпті жолды еңсеруге мәжбүр жүргізушілердің жағдайы мәз емес.

- Жыл сайын бұл жолды жамап жатыр, бірақ әйдімге бармай бүлінеді. Кейбір жерлер жамауға да келмейді, асфалттың беткі қабаты отырып кеткен. Республикалық жол болған соң түрлі маркадағы ауыр жүкті көліктер ағылып жатыр. Осы жол күрделі жөндеуден өтеді, төрт жолақты болады деген, сол қашан іске асар екен. Күрделі жөндеу жұмысы болмайынша көретін азабымыз осы болмақ. Көлігімізді бүлдіріп болдық, кедір-бұдыр, шұрқ-тесік жолдан қашамын деп бауырын соғып алып жатырмыз,-дейді Асқар есімді жігіт ағасы.
«АЖ» редакциясы «ҚазАвтоЖол» АҚ Атыраудағы филиалына бірнеше сауал жолдаған болатын.«ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалының директоры Серік КЕРІМҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, 2024 жылы көктемгі су тасқыны кезінде жолдың кейбір бөліктері бүлінген. Жолдың конструктивті қабаты бұзылып, көптеген шұңқырлар пайда болыпты.
- Кешенді мақсатты бағдарлама аясында облыс бойынша 12500 шаршы метр шұңқыр жамау жұмыстары атқарылмақ. Жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын атқаратын мердігер мекеме - «ҚАЖсервис» ЖШС Атырау облыстық филиалы,-дейді ол. - Сондай-ақ ағымдағы жылы аталған автомобиль жолының 90 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстардың тхникалық құжаттамалары дайындалуда.

Атырау – Орал бағытындағы екі және төрт жолақты жол құрылысына қатысты жауап көңіл көншітпеді. 2025 жылы бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінбеген, ал инвесторлар табылмаған. Нәтижесінде жоба уақытша тоқтатылған.
Бүгінде Атырау-Орал тас жолында жеңіл жөндеу жұмыстары жүруде. «ҚАЖсервис» ЖШС-нің Индер ауданындағы пайдалану учаскесінің бастығы Талғат ҚАЖЫҒАЛИЕВТІҢ айтуынша шұңқырларды жамау жұмыстары 12 сәуірден бастап бастап қолға алынған. Қазіргі күні жол жұмыстарына 6 техника, 14 адам жұмылдырылған. Бұлар 109-131 шақырымы аралығында шұңқырларды кесіп алып, асфалт төсеу жұмыстарын жүргізуде.
Ал Индер ауданына қарасты Есбол, Ынтымақ, Елтай ауылдарының тұстары шұрқ-тесік, оның қашан жөнделетіні белгісіз. Халық кетеуі кеткен жолмен жүріп қажыды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор
В Атырау 0