
Жүк көліктерінің жүргізушілері Құрманғазы ауданы Бөкейхан (бұрынғы Котяевка) ауылындағы шекара бекетінде ұзын-сонар кезекте сағаттап тұрғанын "АЖ" тілшісіне хабарлады.
Абзал – Атырау тұрғыны. Оның айтуынша, шекара бекетінде үш сағаттан бері тұр, осы уақыт ішінде кезек небәрі 10 көлікке ғана жылжыған. Ал жалпы кезектің ұзындығы – 3-4 шақырым.
– Бұл әдейі қолдан жасалып отырған ұзын-сонар кезек сияқты. Әр көлікті кемінде 15 минуттан тексеріп өткізеді. Егер салық органы өкілдерінің санын көбейтсе немесе терезелерді арттырса, бұл мәселені шешуге болар еді. Қазір бір ғана маман жұмыс істеп отыр. Электронды кезек жүйесі енгізілгелі жағдай нашарлап кетті. Керісінше, бұл жүйе бәрін жеңілдетуі керек еді ғой, бірақ бәрі қиындап кетті. Кезек нөмірін алу – жай ғана формалдылық, электронды кезек номеріңнен басқа уақытта өтесің. Себебі кезекте тұрып қаласың да, үлгермейсің, - дейді Абзал. - Мысалы, 25 сәуір күні шекарадан өту үшін бір күн бұрын электронды кезек нөмірін аламыз, келіп, бір тәулік күтіп, келесі күні - 26 сәуірге қайта кезек аламыз. Сонда бұл жүйенің не қажеті бар? Көлік үш сағатта екі рет қозғалғанда, қашан өтеміз? Ресейде 7-8 терезе жұмыс істейді. Бізде де терезе санын арттыруға болмай ма? Қолда бар мүмкіндік қой. Қазақстандық тарапта терезеде бір-ақ адам отырады. Мұнда қанша уақыт тұрғаның ешкімді қызықтырмайды. Ресейден қайтарда да дәл осындай жағдай.
Атырау мен Астрахань арасы – 350 км екені белгілі. Қалыпты жағдайда бұл жолды 4 сағатта жүріп өтуге болады. Бірақ адамдар шекарада тәулік бойы кезекте тұрады. Жүргізушілер демалыс үшін адами жағдайдың жоқтығына шағымданды. Өйткені, ұйықтап қалып, кезегі өтіп кетсе, бұл жерде ұзақ тұрып қалуы мүмкін.
- Көлікте отырып ұйықтай да алмайсың, Көзің бақырайып отырасың да шала ұйқымен жолда жүресің. Содан да жол апаттары жиілейді. Жүк көліктері де жиі апатқа ұшырайды, көбіне шаршағаннан. Мен кеше кешке Ресейден келіп, жүгімді түсірдім де, қайта жолға шықтым. Ертең Астраханнан жаңа жүк тиеуім керек. Егер тәулік бойы кезекте тұрсам, келесі жүкті уақытында тиеп үлгермей қалуым мүмкін. Бұл – ұйқыдан айырылу, денсаулыққа қауіп, - деді ол.
Оның сөзін кезекте тұрған тағы бір жүк көлігі жүргізушісі Алтынбек те растады.
- Жүк көліктері шекарада жиналып жатыр. Көлік саны жүзден асты, екі жүзге жетіп қалуы мүмкін. Неліктен бұлай болып жатқанын түсінбей отырмыз. Шекараны кеңейту керек немесе жұмысты жандандыру қажет. Кеше күндізгі сағат 12-де келген жүк көлігі бүгін күндіз ғана шекарадан өтіп жатыр. Мен жеке кәсіпкермін, жүк көлігін жүргіземін — осы арқылы нәпақамды табамын, салық төлеймін. Азық-түлік тасимын. Егер 3-4 сағат кезекте тұрсақ, оған да көнуге болады, бірақ күн-түн демей тұру — өте қиын. Ұйықтамай, мас адам сияқты боламыз. Соны ешкім түсінгісі келмейді. Шекараны кеңейтуге мүмкіндік бар шығар, жер жетеді деп ойлаймын. Былтыр сіз жазғаннан кейін жағдай біраз реттеліп еді. Қазір қайтадан бәрі сол бұрынғы күйіне түсті, - деді Алтынбек.

Алтынбек кешкі сағат жетіге таман Ресей шекарасынан өткенін хабарлады. Ал Абзал әлі Қазақстан шекара бекетінде кезекте тұр.
Біз ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінен комментарий алуға тырысқан едік. Алайда байланыс орната алмадық. Баспасөз қызметі өкілімен тілдесу мүмкін болмады – телефоны сөндірулі.
Ведомство өкілдерінің бірі мұндай ақпаратты беруге құқығы жоқ екенін ғана атап өтті.
Кезекте тұрған жүргізушілер шаршау мен күйзеліс салдарынан ер адамдар арасында жанжалдар туындап жатқанын айтты: кейбіреулері шыдамай, терезеге бірінші болып жетуге тырысады. Бірнеше жанжалды басуға мүмкіндік болған, бірақ осындай қарқынмен төбелеске де ұласуы мүмкін.
Бізбен осы уақыт бойы байланыста болған Алтынбек видео жолдады: кешкі сегіздер шамасында түсірілген кадрларда кезектің сәл алға жылжығанын көруге болады.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоны жүргізуші Алтынбек жолдады
В Атырау -1