Атырау, 8 желтоқсан 20:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Маңғыстауда «Қошқар-Ата» қалдық қоймасына 75 мың сексеуіл отырғызу басталды

409 рет қаралды
Сурет: otpannews.kz

Маңғыстау облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов брифингте айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.

2004 жылдан бастап Үштаған, Тұщықұдық, Шебір және Сенек ауылдарының маңында 3329 гектар аумаққа жасыл желек отырғызылып, шөлейттену қаупі азайтылды. 2018 жылы басталған Жарма, Сазды және Сауысқан ауылдарын қорғау жобасының бірінші кезеңі аясында (2022-2024 жж.) 203 634 түп сексеуіл мен жүзгін егілді. Шығымдылық 85-90%-ды құрады. Екінші кезеңде (2025–2027 жж.) тағы 248 887 түп отырғызу көзделуде. Биылдың өзінде 83 800 түп ағаш егілді. Сонымен қатар 2025-2032 жылдары 10 ауылды құм көшкінінен қорғауға бағытталған ұзақмерзімді жоба жүзеге асады.

"Бүгінде облыс бойынша орман қоры 254 199 гектарды құрайды. Оның ішінде 135 014 гектары – орман жамылғысы. 2021-2024 жылдар аралығында 3285 гектар жерге 16,7 тонна тұқым себілді. 2025 жылы 855 гектарға 4,3 тонна тұқым себу жоспарланып отыр. 2024 жылы жүргізілген 125 рейд барысында ешқандай құқық бұзушылық анықталмаған. Орман мекемелері өрт маусымына толықтай дайын", – дейді Сәбит Дүйсекенов.

Сондай-ақ облыстағы өзекті мәселелердің бірі – «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын қалпына келтіру. Қазіргі уақытта мердігермен сот процесі жалғасуда. №8 учаскеде 30 гектар жерге 75 мың сексеуіл отырғызу басталды. Жобаны «Маңғышлақ тәжірибелік-ботаникалық бағы» жүзеге асыруда. Сонымен қатар биологиялық рекультивация жобасын «Платина Изыск» ЖШС әзірлеуде. Бұл жоба 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталады.

Ал бұрынғы химиялық-гидрометаллургиялық зауыт (ХГМЗ) аумағы 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда мұнда радиоактивті жағдайға сараптама жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарын «Астана медицина университеті» жүргізіп, 2025 жылдың маусымында аяқтамақ.

23 сәуір, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.