Атырау, 21 желтоқсан 13:38
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

​Атырау облысында балаға екпе салудан бас тарту деректері тіркеліп жатыр: себебі не?

463 рет қаралды

Өңірде жасөспірімдерді дифтерия мен сіреспеге қарсы егу науқаны басталды. Дәрегерлердің айтуынша, екпеден көп адам бас тартып жатыр. 

2025 жылғы 7 сәуірден бастап Атырау облысында жасөспірімдерді дифтерия мен сіреспеге қарсы егу жұмыстары басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы журналистердің сауалына берген жауабында хабарлағандай, вакцина кеш жеткізілуіне байланысты екпе науқаны белгіленген мерзімнен кеш басталды.

Вакцинация үшін Үндістанда шығарылған «Адсорбированный дифтерийно-столбнячный анатоксин очищенный с уменьшенным содержанием антигенов» (АДС-М) препараты қолданылады. 2024 жылғы тамызда шығарылған вакцина 2027 жылғы шілдеге дейін пайдалануға жарамды. 2025 жылға жалпы құны 861 260 теңгеге 13 500 доза сатып алынды. Вакцинация республикалық бюджет есебінен Ұлттық екпе күнтізбесі аясында тегін жүргізіледі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл 12 335 жасөспірім екпе алуы тиіс. Бүгінде олардың 788-і ғана екпе алды – бұл жалпы санның 6,4 пайызы ғана.

Көп адам бұл екпеден бас тартып жатыр: 787 дерек тіркелді. Негізгі себептері – жеке және діни сенім, әлеуметтік желідегі жағымсыз ақпараттардың әсері және вакцинаға сенімсіздік. Салыстыра кетсек, 2023 жылы 886 адам бас тартқан.

ADS-M вакцинасы мемлекеттік тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат етілгенін және әдетте жеңіл қабылданатынын атап өтті басқарма мамандары. Жанама әсері болған жағдайда да, қысқа мерзімді сипатта өтеді - мысалы, шамалы қызу көтеріліп, инъекция орны қызаруы мүмкін. Екпенің ауыр әсері тіркелмеген. 

Айнұр САПАРОВА

23 сәуір, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.