Атырау, 22 желтоқсан 20:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атыраулық Аружан президентке өз қолымен салған суреті бар жейде сыйлады

745 рет қаралды

Атырау қаласының 10 жасар тұрғыны Аружан Ғалымжан суды үнемдеуге үндейтін сурет салу республикалық байқауында үздік атанып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. "Таза Қазақстан" бастамасы аясында ұйымдастырылған байқау қорытындысында Аружан өз қолымен салған ерекше суретін жейде мен эко шоперге басып, Президентке сыйға тартты. 

Аружан «Суды үнемдеп, болашақты сақта» атты туындысын Instagram-дағы @jasulan_qz парақшасына жүктеп, 1040 оқушының арасынан жоғары бағаға ие болған. Осылайша ол жеңімпаз ретінде 16 сәуір күні ата-анасымен, сынып жетекшісімен бірге елордаға арнайы шақырылып, президентке сыйлық ұсынып, есте қаларлық сәтін бастан кешті. Мемлекет басшысы жас дарын иесінің еңбегіне жоғары баға берді. 

Аружан Атырау қаласындағы №35 Х.Ерғалиев атындағы мектеп-гимназиясының 4 «А» сыныбында оқиды. Ол өзінің суретке деген құштарлығын кішкентайынан байқатқан. Анасының айтуынша, Аружан түрлі қатты қағаздар мен брелоктардан қолөнер бұйымдарын жасап, өнерге ерте жастан ден қойған. 

- Қызым «Даму бала» бағдарламасымен сурет үйірмесіне қатысып жүрген еді. Сол үйірмеде дос қызы оған осындай байқау болып жатқанын айтқанқан. Маған А3 алып берші байқауға қатысамын деп деп бастама көтеріп, суретті өз идеясымен үш-төрт күн ойланып салып шықты. Қатты еңбектенді. Қызымның жетістікке жеткеніне және өзінің еңбегімен жеткеніне қатты қуандық. Кішкентай кезінен сурет салуға құмар еді, біз де оның шығармашылығын қолдап, керек заттарын алып беріп отырамыз,- дейді анасы. 

Аружан бұған дейін де бірнеше сурет байқауынан  жүлдемен оралған. Атырау қаласында өткен «Жұлдызды сәт» облыстық байқауынан, Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Даму Fest» сурет байқауынан 2-орын иеленген.

- Болашақта кәсіби суретші және блогер болғым келеді, – дейді өзі. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді Аружанның анасы ұсынды

23 сәуір, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.