
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі халықаралық міндеттемелердің орындалу барысы туралы тақырыптық отырыс өтті. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сала мамандары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы БҰҰ Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының саммитінде «Каспийді құтқару ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықтың басымдығы болуға тиіс. Барлық мүдделі тарапты осы бірегей су айдынының жағдайын жақсарту жөніндегі жалпы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамын» дегенін еске салды.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Қазақстан Тегеран конвенциясына 4 хаттаманы ратификациялағанын және бүгінде Каспий теңізінің теңіз ортасының жай-күйін мониторингілеу, бағалау және ақпарат алмасу жөніндегі хаттаманың жобасын келісу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз Каспий теңізінің тайыздану проблемаларын зерделеу үшін Ресей Федерациясымен екіжақты жұмыс тобы құрылатынын атап өтті. Алдағы уақытта бұл жұмысқа Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан да тартылатын болады.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жуырда Дүйсенбай Тұрғанов екеуі Каспий теңізінің күрделі экологиялық проблемаларға тап болғанын депутаттық сауалында атап өткенін еске салды. Оның пікірінше, мемлекеттік органдардың Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық жұмыстары нашар деңгейде. Бұл ретте тек Су шаруашылығы министрлігі ғана емес, Сыртқы істер министрлігі де атсалысуы керек. Отырыс барысында депутаттар мәселеге қатысты нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Еділ Жаңбыршин Каспий теңізінің экологиялық проблемасы мен Үкіметке жолданған ұсынымдардың орындалуы барлық уақытта комитеттің бақылауында болатынын айтты.
В Атырау +4