
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Студенческий даңғылы, 29 мекен-жайындағы №2 жатақхана ғимаратының ортаңғы бөлігі опырылғаннан кейін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ жағдайға қатысты түсініктеме берді.
– Осы ескі жатақхана ғимаратының орнына 900 орындық жаңа ғимарат салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Ескі ғимарат пайдалануға жарамсыз деп танылған, сондықтан ол толықтай бұзылуы тиіс. Аумақ қоршалып, кіруге тыйым салынған. Ғимаратты біз де, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы да (МСҚББ) апатты деп таныды.
Кезінде өз бастамамызбен ғимаратты тексеріп, тұрғындарды көшірдік. Ғимаратта жарықтар пайда болғандықтан, тұруға жарамсыз деп тану туралы шешім қабылданды. МСҚББ тиісті қорытынды шығарғаннан кейін, барлық тұрғын көшірілді. Қазір ғимаратты толық бұзатын уақыт келді. Жобалау жұмыстары аяқталып, мердігер анықталғаннан кейін, ғимаратты сүру және жаңа жатақхана құрылысын бастаймыз.
Еске салайық, ескі ғимарат 1972 жылы салынған. 2022 жылдың қараша айында Атырау университетінің шаруашылық қызметкерлері бірінші қабаттағы қабырғадан жарық байқап, дереу тиісті органдарға хабарлаған. Тексеруден кейін Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары ғимаратты апатты және тұруға қауіпті деп таныды. 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап жатақханада ешкім тұрмаған.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -1