
Атырау қаласында «Экология және қоғам: «Таза Қазақстан» жолында» атты ашық диалог форматында экологиялық кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, оқушылар, жас ғалымдар, экобелсенділер және сала мамандары қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Дарынды оқушылар әртүрлі экологиялық жобалар ұсынды. Солардың ішінде Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8-сынып оқушылары Сәтберген Өтепқали мен Айбар Закариян жаңбыр суын тиімді пайдалану жобасын таныстырды. Бұл жобада жаңбыр суын арнайы резервуарларда жинап, генераторлар арқылы электр энергиясын алу, кейін оны көгалдандыру жұмыстарына қолдану қарастырылған.
Жиын барысында жас ғалымдар өсімдіктерді топырақсыз өсіру, ғимараттарды күн энергиясымен қамту, су ресурстарын тиімді пайдалану секілді зерттеулерін ұсынды. Экобелсенділер қоқысты сұрыптап жинау қажеттілігі мен аймақтың дендрологиялық ерекшеліктері туралы ұсыныстар айтты.
Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов өңір оқушыларының экологиялық мәдениетін дамытуға бағытталған жобаларды атап өтті. «Қоршаған ортамен таныстыру» курсы, «Мен зерттеушімін», «Тірі табиғат» жобалары, экологиялық үйірмелер, «Жасыл мектеп» бастамасы осы бағытта жүзеге асуда.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов жастардың экологиялық жобаларын қолдауға дайын екенін білдірді: "Біз басқа елдерге үлгі болу үшін мәдениетімізді көтеруіміз керек. Жастардың экологиялық жобаларын қолдап, бірлесіп жұмыс істесек, үлкен нәтижеге жетеміз!" – деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ауласында ағаш отырғызды.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» жобасы аясында өңірде түрлі экологиялық акциялар өтті. Санитариялық тазалық жұмыстарына 10 134 адам қатысып, 4 236 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, «Таза жағалау», «Таза қала», «Жер сағаты» сияқты шаралар ұйымдастырылды.