
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары атқарушылық іс жүргізу саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс әзірледі.
Мәжілісмендер атқарушылық іс жүргізу тараптары құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары бойынша (мемлекеттен өндіріп алу, талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымы және басқалар) оңайлатылған іс жүргізуді қолдануды кеңейту үшін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.
Жеке сот орындаушыларының кәсіби кадр құрамын күшейту мақсатымен аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алатын тұлғалардың тізімін қысқарту керек.
Депутаттардың Үкіметке берген негізгі ұсыныстарының бірі – ата-анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттен жалтарған кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу үшін мемлекеттік алимент қорын құру.
Бұл ретте борышкерлердің электронды әмиян бойынша, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздармен биржалық саудадан, криптовалютамен немесе өзге де цифрлық активтермен операциялардан, желілік маркетингтен, блогерліктен, «Яндекс. Такси», InDrive сервистерінен және басқалардан алатын барлық кіріс көзін анықтау тетігін әзірлеу қажет.
Сондай-ақ Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне келуден жалтаратын борышкерлерді сот орындаушысының қатысуымен мәжбүрлеп әкелуді жүктей отырып, осы функцияның тетігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Жалпы Әділет министрлігіне өндіріп алушылардың да, борышкерлердің де құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту мақсатымен атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру бойынша заңнамаға түзетулер әзірлеу ұсынылды.
В Атырау -2