
Атырау облысының Құрманғазы ауданында учаскелік полиция инспекторлары өртеніп жатқан үйден ер адамды құтқарып, ерлік пен жанқиярлық танытты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер патрульде жүргенде жеке үйлердің бірінде өрт шыққанын байқаған. Уақыт жоғалтпай оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Есмағамбет Миянов, Беркін Уахитов, Карима Ниязова және патрульдік полиция қызметкері Бақытжан Зияш дереу жетті.
Полицейлер жанып жатқан ғимараттың ішінде 31 жастағы ер адамның бар екенін тез арада анықтады. Ол түтінге тұншығып, өздігінен шыға алмай қалған. Тәртіп сақшылары бірден шешім қабылдады: терезені сындырып, үйге кіріп, түтіннен тұншығып жатқан ер адамды сыртқа алып шыққан.
«Қызметкерлеріміздің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алынды. Ер адам аман, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», — деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өрт сөндіру қызметі өртті тез арада сөндіріп, оның көрші ғимараттарға таралуына жол бермеді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.