
Каспий теңізінің тайыздануы Қазақстаннан Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдауды арттыруға кедергі болып отыр, деп хабарлайды "Нефть и газ Казахстана" Telegram арнасы.
Каспий бассейні жағалауындағы мемлекеттердің теңіз порттарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін негізгі фактор - теңіз деңгейі. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ-ға Ақтау теңіз сауда порты коммерциялық жұмыс бөлімінің басшысы Әнуар Немышов мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы 18 жылда Каспий теңізі деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады: Ақтау портындағы су деңгейі 1,7 м-ге төмендеп, төмендеуін жалғастыруда.
«Бұл порт айлақтарының, кеме жолдарының, акваториялардың, гидротехникалық құрылыстардың пайдалану сипаттамаларына, сондай-ақ кеме қатынасының қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді», - деді ол. Осыған байланысты Ақтау портындағы құрғақ жүк кемелеріне 600-1300 тоннаға, мұнай танкерлеріне 2000-2500 тоннаға аз тиелгенін атап өтті.
«Кемелердің жүктемесінің азаюы, сөзсіз, теңіз тасымалының табыстылығына әсер етеді және жүк ағындарын балама бағыттарға қайта бағыттау қаупін тудырады. Теңізде жүзу қауіпсіздігін және кемелердің толық жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында теңіз түбін тереңдету жұмыстары қажет», – деп қосты ол.
Бұл, әсіресе, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізі арқылы балама бағыт бойынша мұнайды ауыстырып тиеу көлемін қазіргі 1,5 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға дейін арттыру туралы тапсырмасын орындау үшін өзекті болып отыр.