Атырау, 8 желтоқсан 22:01
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Мәжіліс депутаттары бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселесін талқылады

625 рет қаралды

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен бау-бақша серіктестіктерін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиын осы бағыттағы заң жобасымен жұмыс аясында ұйымдастырылды. Жұмыс тобына Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар жетекшілік етеді.

Заңнамалық түзетулер авторларының бірі депутат Құдайберген Бексұлтанов баяндамасында бұл заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, елдегі бау-бақша және саяжай серіктестіктерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Онда бағбаншылықпен айналысатын азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналған нормалар көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, бұл саладағы мәселелерді шешу мақсатымен 2024–2030 жылдарға арналған саяжай және бау-бақша шаруашылықтарын дамыту бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Соның аясында жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, саяжай массивтерінің аумақтары нақтыланып, инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіру қажеттілігі зерттелуде.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, азаматтарды инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері алаңдатуда. Бағбандардың айтуынша, серіктестіктерінің құқықтық мәртебесі әлі де нақты айқындалмаған. Осыған орай олар бағбандық пен оған жақын салалардың (бақша, ара шаруашылықтары және т.б.) толыққанды институтын құру үшін дербес заң қабылдауды ұсынады.

Талқылау барысында бау-бақша жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатынан шығару, инженерлік желілерді мемлекеттік құрылымдардың балансына өткізу, бау-бақша және саяжай құрылыстары мен жер телімдеріне меншік құқығын жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу сияқты ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар саяжай кооперативтерінің корпоративтік табыс салығын төлеу тәртібі, электр қуаты тарифтері, әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімділік мәселелері көтерілді.

Жиынды қорытындылай келе, комитет төрағасы Серік Егізбаев барлық айтылған ұсыныс аталған заң жобасын қарау барысында ескерілетінін айтты.

18 сәуір, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.