
Атырауда қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген жолаушыларға 2 АЕК яғни, 7 864 теңге көлемінде айыппұл салынады.
«Smart Qala» ЖШС директоры Марғұлан Ешмановтың айтуынша, биыл наурыз айынан бастап жолақы төлеу мәселесін бақылау көлік компаниялары және қалалық жолаушылар көлігі бөлімімен бірлесіп, үшжақты келісім аясында қолға алынған.
- Жолаушылар жолақысын төлемеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, мұндай кезде кейбір азаматтар ашуға бой алдыртып, дөрекілік танытып жатады. Мұндай жағдайда тексерушілер полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр, -дейді М.Ешманов.
Осындай оқиға 13 сәуір күні №57 бағыттағы автобуста тіркелді. Жолаушы айыппұл төлеуден бас тартып, оқиға орнына полиция шақырылды. Құқық қорғау қызметкерлері оған қатысты әкімшілік хаттама толтырған.
- Атырау қаласында бір ай бойыжүргізілген рейд барысында 27 000 жолаушы мен 2 940 автобус тексерілді. Нәтижесінде, 90 жағдайда оқушыларға арналған жеңілдік карталарын ата-аналардың пайдаланып жүргені анықталды. Бір жолаушы бөтен жеңілдік картасын қолданғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Тұрақты тексерістердің нәтижесінде жолаушылардың жолақы төлеу көрсеткіші өткен аймен салыстырғанда 13 пайызға артты, - дейді компания басшысы.
Заң бойынша, жолаушы қоғамдық көлікпен сапар шеккен кезде жолақысын төлеуге, билет алған жағдайда оны сапар соңына дейін сақтауға міндетті. Егер жолақы төленбесе немесе бөтен, соның ішінде жеңілдік карталары пайдаланылса, бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабына сәйкес, құқық бұзушылық болып есептеледі.
Айта кетейік, бүгінде Атырау - Қазақстан бойынша жолақысы ең арзан қала. Атырауда бір реттік жолақы - небәрі 80 теңге.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ