Атырау, 23 желтоқсан 05:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

«Жолдың жөнделгені осы ма?»: тұрғындар Атырау-Индер трассасындағы мердігерді ауыстыруды талап етуде

Бейнежазба
1 008 рет қаралды

«Атырау-Индер» жолының жөндеуі өткен жылы басталғанымен жергілікті халықтың көңілін көншітіп отырған жоқ. Сапасыз жолға байланысты бірнеше рет наразылықтар болғанымен тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан мердігерге ешқандай шара қолданылмады.

Еске салсақ, облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ пен оның орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ халықпен кездесіп, шара алынатындығы жөнінде айтқанымен нәтижесіз болды. Қыс бойы ығыры шыққан жолмен жүргізушілер «алысып» шықты. 

Облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» жолының 117-167 шақырымының орташа жөндеу тендерін «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС өткен жылы жеңіп алған болатын. Жобаның жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрады. Алайда ЖШС өткен жылғы су тасқынына байланысты мерзімінен кешіктіріп барып, қыркүйек айында жұмысын бастады. ЖШС әп дегеннен 25 км жолды (өткен жылы жасалуы тиіс - Л.Қ.) қырып тастады. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты» дегеннің кері болды. Ілдалдаға жарап тұрған жолдың күйі кетіп, көлігінің бауырын соққан жүргізушілер көбейді. 

Оның үстіне, мердігер жұмысы сапасыз жасалып жатқандықтан екі рет ауданның тұрғындары тарапынан наразылықтар болды. ЖШС жұмысына сенімсіздік танытқан тұрғындар мердігерді ауыстыру жөнінде талап етті. Оған арнайы облыс әкімінің орынбасары Қ. Нұртаев келіп мердігерге он күн уақытта жұмысты қалпына келтіру, ал тапсырысшы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Е. ХАЙНОЛЛАЕВ. егер графиктен кешіксе, мердігермен келісім шартты бұзу шарасы алынатынын айтып, жиналғандары сендірген болатын. Оның бірі орындалған жоқ, қажыған халықтың мұң-зарымен биліктің шаруасы болмады. Жолдың жайсыздығынан істен шыққан көлік пен жол апатына ешкім жауап бермеді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «АЖ» редакциясы атынан ресми түрде бірнеше сауал жолданды.

-  25 км жолды қырып тастағаннан кейін «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС-ніі өткен жылы атқарған жұмысы қандай?

- Жоба аясында 1,9 млрд теңге қаражат игерілді. Жолдың 20 шақырым бөлігіндегі бұрынғы асфальтбетон жабындысы қырылды және дана су өткізу құбырлары қалпына келтіріліп, жиектері нығайтылды. Сондай-ақ жолдың 18 шақырымында қалыңдығы 25 см болатын асфальтбетон негізі ресайклинг әдісімен төселіп, тығыздалды және 14 шақырымға қалыңдығы 6 см ірі түйіршекті ыстық асфалттың (КЗ) төменгі қабаты төселді. Ал 4 шақырым учаскеде қалыңдғы 4 см болатын ұсақ түйіршекті асфальтбетон жабындысының жоғары қабаты төселді.

– Тұрғындар мердігердің жұмысына көңілі толмай отыр. Наразылықтар болды. ЖШС-ға қатысты қандай шаралар алынды? Техникалық қадағалау болды ма? Неліктен тапсырушы тарапынан бақылау болмады?

- Тұрғындар тарапынан қиыршық тастардың ұшып кетуі және жабынның бұзылуы сияқты шағымдар тіркелді. Бұл жағдайлар жоба шеңберінде айналма жолдың қарастырылмауына байланысты ауыр жүк көліктерінің жаңадан төселген жабын арқылы жүруінен туындады. Соның салдарынан ірі түйіршекті асфалттың алғашқы қабаты бұзылуға ұшырады. ЖШС басшылығы бұл мәселені назарға алып, сапаны арттыруға бағытталған тиісті шаралар қабылдайды.

- Көлік кідірсін болдырмау үшін баламалы жол жасала ма?

- Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатырған облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» автомобиль жолының балама жолы республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» автомобил жолы болып табылады. Сонымен қатар «Атырау-Индер» автомобиль жолында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатырған аумақтан мүмкіндігіне қарай балама жол жасалатын болады.

«Атырау-Индер» жолының жалпы ұзындығы 160 шақырым. Биыл 100 км жол орташа жөндеуден өтпекші. 117-167 шақырым аралығын «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС жүргізеді. Жолды қалпына келтіру үшін шұңқырларды жөндеу жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Қалған учаскелерде үстіңгі қабат төселіп, жол жөндеу жұмысын мердігер 2025 жылдың қазан айының аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 67-117 шақырым аралығындағы орташа жөндеуді «МаңғыстауЖолҚұрылысМатериалдарКомбинаты» ЖШС жеңіп алды. Серіктестік жыл соңына дейін жөндеуді толық аяқтайтын болады, - дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев.

«МаңғыстауЖолҚұрылысМатеериалдарКобинаты» ЖШС-нің директоры Асан ИДРАНОВТЫҢ айтуынша, құрылыс материалдары жеткілікті әзірленіп, жұмысқа жуық арада кіріспекші екен.

«АЖ» поштасына жнргілікті тұрғындар хабарласты. Олар ҚР Президент әкімшілігіне, ҚР Бас прокуратурасына, ҚР сыбайлас жемқорлық агенттігі Департаментіне, ҚР Көлік министрлігіне, Атырау облысы әкімшілігіне ашық Хат жолдаған. 

Онда «Біз, Индер ауданы Бөдене және Жарсуат ауылы халқы мынаны баяндағымыз келеді: «Атырау-Индер» облысаралық жолдың 50 км жөндеуді былтыр «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС конкурспен жеңіп алды. Өкінішке орай бұл компанияның жол құрылысын жасауға ешқандай жағдайы жоқ. 25 км жолды қырып алып, оның көп бөлігін сатты, жойды. Қосалқы жолды да дұрыс сала алмады. Мұздай асфалтты Атыраудан тасып төсеген болды, онысы ойылып, шашылып жатыр. Оған дәлел фото, видеолар бар. Халықтың қаншама көлігі бүлінді, қирады. Бұл компанияның өз техникалары жоқ, дұрыс маманы жоқ, жол салуға дәрменсіз. Екі рет облыс басшыларымен кездесіп, жұмыстарын тоқтаттыратынын айтқанымен нәтижесінде ол уәде орындалмады. Сол себептен, біріншіден, «ТеміржолҚұрылысАтырау» ЖШС жұмысын тоқтатып, жұмысты басқа компанияға тапсыру, екіншіден, асфальт зауытын жақын жерге орналастыру, үшіншіден, жол салушылардың қасына жергілікті қоғам берлсенділерін қатыстыру, төртіншіден, ауыр жүк көліктері, яғни Shacman-ға тиым салу, бесіншіден, асфалт жолдың денін қырмай, азғана бөлігін жасап, жұмысын жалғастыруды талап етеміз» делінген. 

Сонымен қатар, жергілікті халық жұмысты жүргізбестен бұрын кездесу жасауды он күн ішінде ұйымдастыруды талап етті. Қалай еткенде, сапалы жол болмайынша - жұртшылықтан маза кеткен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

16 сәуір, 18:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.