
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Кореяның Ұлттық мұнай корпорациясы (KNOC) делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны аға атқарушы вице-президент Квак Вонджун бастап келді.
Кездесу барысында KNOC-тың Қазақстандағы еншілес ұйымдарының (ЖШС «Кен-Сары», ЖШС «Меербуш», «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.») қазіргі операциялық қызметі, оның ішінде шикі мұнайды ішкі нарыққа және экспортқа жеткізу мәселелері талқыланды.
Ерлан Ақкенженов ведомство үшін басты басымдық – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осы тұрғыда ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету үшін мұнай өңдеу зауыттарына шикі мұнайдың тұрақты жеткізілімі аса маңызды екені айтылды.
«KNOC-тың Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың мұнай өндіру көлемінің төмендеуі және ел ішіндегі өңдеу қуаттарының артуы жағдайында ішкі нарыққа жеткізу бойынша міндеттемелерді орындау ерекше маңызға ие. Министрлік барлық нарық қатысушылары үшін бекітілген мұнайды бөлу механизмдерін қолданады және KNOC серіктестерінің бұл ережелерді түсіністікпен қабылдап, қатаң сақтауына сенім білдіреді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрлік KNOC еншілес компаниялары тарапынан ішкі нарыққа жеткізіліп жатқан мұнай көлемінің қазіргі динамикасын атап өтіп, белгіленген кесте мен жүктеме көрсеткіштерінің орындалуын күтетінін білдірді. Сонымен қатар, жанар-жағармай материалдарына бағаны ырықтандыру және саланың экономикалық тартымдылығын арттыру мәселелері де қозғалды.
Тараптар энергетика секторында жаңа инвестициялық жобаларды бастау мен жүзеге асыруға ерекше назар аудара отырып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.