
Атырау полицейлері 10 сәуірден бері түнде қыдырып жүрген 341 жасөспірімді ұстады. Оның ішінде 5-еуі қылмыс, ал 24-і әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Атырау облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиевтің айтуынша, 10 сәуірде «Жасөспірім» рейдтік іс-шарасы басталған. Бұл іс-шара 6 мамырға дейін жалғасады.
– Аталған іс-шараның мақсаты – жасөспірім тарапынан болуы ықтимал құқық бұзушылықтың, кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасалуы мүмкін қылмыстың алдын алу. Полиция қызметкерлері 10 сәуірден бері түнгі мезгілде көшеде жүрген 341 жасөспірімді ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде 5 жасөспірімнің қылмыс жасағаны анықталды. Ал 24 жасөспірім әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін, 312-сі түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз көшеде жүргені үшін ұсталды, - деді Абзал Әліпқалиев.
Оның мәліметінше, төрт жасөспірім кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына орналастырылған. Үш жасөспірім мен он жайсыз отбасы ішкі істер органдарының есебіне алынған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0