
Әзірбайжан Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның, сондай-ақ Францияның Әзірбайжандағы елшісінің мәлімдемелерін үзілді-кесілді жоққа шығарып, айыптайды.
Бұл туралы Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизаде Франция елшілігінің әлеуметтік желілердегі жарияланымына жауап ретінде айтты. Жарияланымда Франция министрінің Оңтүстік Кавказдағы жағдай мен Әзірбайжандағы сот процестері туралы негізсіз мәлімдемелері келтірілген, деп хабарлайды Haqqin.
«Францияның саясатының екіжақтылығы — бейбітшілікке ұмтылуды мәлімдеп, бір мезгілде қақтығыстарға әкелетін әрекеттерді жүзеге асыруы — алаңдаушылық туғызатын сәйкессіздікті көрсетеді. Мұндай екіжүзді саясат өңірде тұрақты бейбітшілік орнату перспективаларына кедергі келтіреді», — деп атап өтті Гаджизаде.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Францияның Арменияны өлімге әкелетін қарумен қамтамасыз етуі және оның тұрақты антиәзірбайжандық ұстанымы бейбітшілік процесіне зиян келтіретінін, сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроның аймақтық шиеленістерге алаңдаушылықты ашық білдіруіне толығымен қайшы келетінін атап өтті.
«Бейбіт келісім жобасы бойынша жұмыстың қорытындысы маңызды оқиға болғанымен, француз тарапы бейбіт келісімге қол қою және тұрақтылықты сақтау үшін негізгі мәселелерді, атап айтқанда, Армения Конституциясындағы аумақтық талаптарды жою, сондай-ақ Минск тобы мен оған байланысты ЕҚЫҰ құрылымдарын ресми түрде тарату қажеттігін жақсы түсінеді», — деп қосты ол.
Гаджизаде Францияның Әзірбайжандағы бұрынғы сепаратистік режимнің өкілдеріне қарсы әскери және басқа да ауыр қылмыстар бойынша сот процестеріне қатысты мәлімдемелерін сынға алды. Ол бұл сот процестерге кедергі жасау елдің егемендігіне араласу болып табылатынын және ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік процесін бұзатынын айтты.
«Францияның мұндай араласуы қылмыскерлерді қорғауға қызмет етеді және жазасыздықты сақтап қалу қаупін тудырады. Біздің өңірлік істерімізге араласудың орнына, Франция өздерінің неоколониалдық саясатын тоқтатуы керек. Бұл саясат тек Әзірбайжан тарапынан ғана емес, сонымен қатар басқа мемлекеттер, әсіресе теңізден тыс аумақтар мен Африка елдері тарапынан да үлкен сынға ұшырауда», — деді ол.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы француз неоколониализмі жергілікті халық пен олардың ресурстарын пайдаланумен қатар, француз мүдделерін осы елдердің әл-ауқатынан жоғары қойғанын, сондай-ақ ұзақ мерзімді тұрақсыздық пен этникалық шиеленіс тудырғанын мәлімдеді.
«Францияның сыртқы саясатының «өркениеттік миссиясы» моральдық тұрғыдан банкротқа ұшырағаны құпия емес. Әзірбайжан Франциядан бейбітшілікке қызмет етпейтін және өңірдегі тұрақтылықты бұзатын қадамдарды тоқтатуды талап етеді», — деп қорытындылады Гаджизаде.