
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны жағдайы мәселесі қаралды. Су тасқыны мен құрғақшылыққа бейімделу, сондай-ақ су инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыру үшін қабылданған шаралар туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында 2030 жылға дейін су ресурстары тұжырымдамасы жаңартылғанын, Су саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілгенін және жаңа Су кодексі қабылданғанын айтты.
2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары алдын ала басталды. 2024 жылы 1395 гидротехникалық құрылыс тексеріліп, оның ішінде 560 нысан жөндеуді қажет ететіні анықталды. Оның 79-ы қалпына келтірілді, 46 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 18 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
«Қазсушар» РМК техникалық әлеуетті күшейтеді – жоспарланған 757 арнайы техниканың 268-і жеткізілді. Өзен арналарына ауқымды тазарту жүргізілуде: Жол картасын іске асыру басталғаннан бері Ертіс, Орал, Жем және басқа да өзендерді қоса алғанда, 239 шақырым өзен арнасы тазартылды. Сондай-ақ жалпы 286 елді мекенді қамтитын ұзындығы 590 шақырым болатын 261 бөгет салынды.
Еліміздің алты өңірінде «Демеу Қазақстан Қоры» қорының есебінен жалпы ұзындығы 300 шақырым бөгеттер салу және нығайту бойынша 57 жоба іске асырылуда. Қазірдің өзінде 200 шақырымнан астам бөгеттер салынды.
Коммуналдық су нысандарын тиімді басқару үшін 6 коммуналдық кәсіпорын құрылды, онда 1124 адам жұмысқа орналастырылды. Бұл кәсіпорындар қазіргі уақытта 828 коммуналдық меншік нысандарына қызмет көрсетеді. Балансқа қосымша 40-қа жуық құрылым берілді.